Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс- қимыл агенттігінің Шымкент қаласындағы департаменті мемлекеттік қызметкерлерінің жалақысын көтерді. Бұл туралы бүгін, агенттік департаментінің басшысы Әли Көмекбаев, баспасөз жиынында мәлім етті. 2018 жылдың басынан бері агентікте жалақы төлеудің жаңа жүйесі іске қосылған еді. Онда, балдық шкала аясында айлық берілетіндігі айтылған. Енді, сол жүйе іске қосылып, қызметкерлердің айлығы жоғарылапты.
Жаңа жүйе екі бөліктен құралатын болады. Ол факторлы-балдық шкала негізіндегі кепілдендірілген лауазымдық жалақы және бонустар.
— Қызметкердің кепілдендірілген лауазымдық жалақысы негізгі үш факторды ескере отырып анықталатын болады: жауапкершілік деңгейі, кәсіби білім мен тәжірибе деңгейі және шешіліп жатқан тапсырмалардың қиындығы. Ал табыстың екінші бөлігі болып табылатын бонустар, жыл қорытындысы бойынша мемлекеттік органның мақсат, міндеттеріне қол жеткізуіндегі қызметкердің нақты қосқан үлесіне қарайтөленеді, — деп атап өтті Әли Амантайұлы.
Бұдан бөлек, агенттік төрағасының тапсырмасы бойынша бос лауазымдарды 20 пайызға жеткізіп, одан үнемделген қаржыны қызметшілерге үстеме төлеуге бағыттау керектігін атап өтті. Нәтижесінде, Департаменттің бас мамандары мен жетекші мамандарының жалақысын 30 пайызға көтеру мүмкіндігі пайда болып отыр.
Брифингте сондай-ақ, Шымкент қаласындағы жаңадан құрылған мемлекеттік органдар туралы, қызметшілердің әлеуметтік қлдау шараларын жақсарту, инвесторлардың құқығын қорғау, мемлекеттік қызметтерді толығымен электронды түрде көрсету, мемлекеттік қызметшілердің әдеп нормаларын сақтау деңгейі туралы сұрақтар жан-жақты талқыланды
Ұлдархан Уәлиханқызы