Отырар ауданында ұстаздардың дәстүрлі тамыз кеңесі өтті. Келелі кездесуге аудан әкімі Ерлан Айтаханов, Түркістан облыстық білім басқармасының бас маманы Ғалия Жанаева және аудандық мәслихаттың хатшысы Мырзахан Манапов қатысты.
Алқалы жиында аудандық білім бөлімінің басшысы Жанат Мұсатаева «Төртінші өнеркәсіптік революция жағдайындағы адами капитал» тақырыбында есепті баяндама жасады. Былтырғы оқу жылындағы жетістіктер мен кемшіліктерді атап өтіп, алдағы міндеттерге кеңінен тоқталған бөлім басшысы білім саласындағы игі жаңалықтарды да тілге тиек етті.
Білім бөлімі басшысының айтуынша 2018 жылы Отырар ауданы бойынша 40 мектепте алғашқы қоңырау соғылып, 10924 оқушы білім алса, 1250 оқушы мектеп табалдырығын аттайды. Мұның өзі жылдағы көрсетішке қарағанда ауданындағы демографиялық ахуалдың өсе бастағанын аңғартады.
Аудандағы білім мекемелерінде 1920 ұстаз қызмет атқаруда. Отырарлық мұғалімдер үшін айтулы жаңалық жаңартылған білім беру мазмұны бойынша аудан мектептерінде сабақ беретін 549 мұғалімнің жалақысы 30 пайызға көтерілген. Педагогтарды аттестаттаудың жаңа жүйесіне сәйкес біліктілік санаттары үшін лауазымдық жалақыға 30-дан 50 пайызға дейін қосымша үстемақы қосу қарастырылғаны да жиын барысында айтылды.
Кеңесте сөз алған аудан әкімі Ерлан Айтаханов дәстүрлі тамыз кеңесінің мән-маңызына тоқтала келе, ұлағатты ұстаздарды басталғалы тұрған жаңа оқу жылымен құттықтады.
— Ұстаз ұғымы мен ұлағатын ұлықтап, қадірі мен қасиетін құрметтеу парыз. Ұлы ғұламалардың өзі ұстаздардан сабақ алады. Елбасымыз Нұрсұлтан Назарбаевтың «Келер ұрпақ алдында зор жауапкершілік жүгін арқалап келеміз»,- деген сөзі ұстаз қауымына үлкен міндеттерді жүктейтіні сөзсіз. Өйткені еліміздің болашағы көркейіп, өркениетті елдердің қатарына қосылуы бүгінгі ұрпақ бейнесімен көрінсе, осы ұрпақты тәрбиелеуде ұстаздардың орасан еңбегі жатыр,-деген аудан басшысы мұғалімдердің алдағы жұмыстарына шығармашылық табыс тіледі.
Отырар ауданы соңғы жылдары облыс бойынша ҰБТ қорытындысымен алғашқы үштіктен көрініп келеді. Ал, биыл облыстағы орташа балл 79,6 болса, Отырар ауданының көрсеткіші 90,4 болып бірінші орынға шықты. Ел келешегі білімді жастардың сапалы да сауатты білім алып, жоғары дәрежелі маман болуына мектеп табалдырығын аттаған сәттен бастап аянбай еңбек ететін ұстаздар биылғы жылдың да еншісінде таудай биік белестер мен толағай жұмыстар бар екендігін сөз ете келе, әрбір маманның өз ісіне деген аса үлкен жауапкершілігі қаншама жас бұлақтың көзін аша түсерін де мәлемдеді.
Отырар ауданы әкімінің баспасөз қызметі