2020 жылға дейін республикада барлық жолдарда жол активтерін басқару жүйесі (ЖАБЖ) бойынша республикалық бағыттарды қамту жоспарлануда, деп хабарлайды ҚР Инвестициялар және даму министрлігінің баспасөз қызметі. Хабарда айтылғандай, 25 тамыз күні ҚР ИДМ Медиа-орталығында көлік саласындағы жобалардың «Цифрлы Қазақстан» аясында іске асырылу барысы туралы баспасөз конференциясы өтті. Оған ҚР ИДМ Көлік комитеті төрағасының орынбасары Дәурен Сәбитов пен «Қазавтожол» ҰК» АҚ бизнесті дамыту жөніндегі басқарушы директоры Рустам Исаев қатысты.
Министрлік өкілдері автожолдардағы ақылы жүйе, арнайы өлшеу құралдарын қолдану, жол активтерін басқару, ауыр салмақты техникамен жүк тасымалдауды бақылау, жолаушылар көлігін диспетчерлеу және жол бойындағы қызмет көрсету нысандарын цифрландыру мәселелері туралы баяндады.
Қазіргі уақытта Алматы-Қорғас, Астана-Теміртау және Алматы-Қапшағай автожолдарының учаскелерінде ақы төлеу жүйесін енгізу жұмыстары атқарылып жатыр. Ол қыркүйек айында тесттік режимде іске қосылады, деп жоспарланып отыр.
Белгіленген учаскелер Астана-Щучинск тас жолындағыдай замануи метеостанциялармен, ақпараттық тақталармен, көліктердің тоқтамай жүріп өтуі үшін RFID белгісі бар жүйемен жабдықталған және алдын ала электронды төлем жасау мүмкіндігі де қарастырылған.
Арнайы автоматтандырылған өлшеу құралдарына (ААӨҚ) қатысты айтар болсақ, маусым айында Алматы маңында 56 шақырым жолда жаңа кешен іске қосылды. Жыл соңына дейін ақылы жолдармен бірге 12 ААӨҚ іске қосылады.
Баспасөз конференция барысында Жол активтерін басқару жүйесін (ЖАБЖ) енгізу мәселесі көтерілді.
2020 жылға дейін жүйе республикалық маңызы бар жолдар (24,1 мың км) торабын толығымен қамтитын болады. Ал, алдағы уақытта жергілікті жолдар да қамтылады (72,8 мың км). Қазіргі уақытта Жол активтерін басқару жүйесі ақпараттық қауіпсіздік тұрғысынан аттестациядан өткізіліп жатыр.
Бұдан бөлек, жыл аяғына дейін ауыр жүк, ірі габаритті және қауіпті жүктер тасымалын мониторингтеу қызметін тасымалдаушылардың жылжымалы құрамының жүйесіне қосу жоспарланып отыр.
Цифрландырудың тағы бір элементі – халықаралық және облысаралық жолаушылар көлігін диспетчерлеу жүйесі. Ол ақпараттандыру сервистік моделінің механизмі бойынша жұмыс істейді.
Қазіргі уақытта «автомбиль көлігімен тасымалдауды, багажды бақылау және мониторингтеу» бағдарламалық сервистік өнімін жасау жобасы ашық талқылау мен ескертулерді алу үшін орналастырылған. Сервис тәжірибелік пайдалануға 2019 жылдың наурыз айында беріледі.
Жол бойындағы қызмет көрсету нысандарын цифрландыру жұмысы қарқынды жүріп жатыр. 2017 жылы нысандарды түгендеу нәтижесінде аймақтарда Google Maps және «Яндекс Карты» жобаларына 200-ден астамы енгізілді. Қазіргі уақытта республикалық маңызы бар тас жолдарда жол бойындағы қызмет көрсету нысандары IRU автомобиль көлігі халықаралық одағының Transpark картасына енгізілді. Бұл карта сайтта онлайн режимде (https://www.iru.org/apps/transpark-app) қолжетімді. Оны iOS және Android қосымшалары арқылы қолдануға болады.
Сонымен бірге KazWay қосымшасы жасалды. Оған барлық жол бойындағы қызмет көрсету нысандары, елді мекендер және республикалық маңызы бар жолдардағы медициналық пунктер енгізілді. Бұл қосымша iOS платформасында бар. Қыркүйек айында Android нұсқасы іске қосылады.