Қаламызда «Нұр Отан» партиясының жаңғыру аясында бастауыш партия ұйымдарының форумы өтуде.
Алғашқы өтіп жатқан аймақтық форумға партияның орталық аппараты жауапты қызметкерлері, Алматы, Жамбыл, Қызылорда, Түркістан облыстары және Шымкент қаласынан ірі бастауыш партия ұйымдарының төрағалары, аумақтық филиал төрағаларының орынбасарлары, барлығы болып 200 жуық партиялықтар қатысуда.
Бүгін аймақтық форумға арнайы келген «Нұр Отан» партиясының хатшысы Тамара Дүйсенова «Отырар» облыстық ғылыми-әмбебап кітапханасында ашылған коворкинг жұмысымен танысты.
Еске сала кетейік, «Нұр Отан» партиясының жаңа жобалары аясында Шымкент қаласындағы әмбебап кітапхана заманауи коворкинг-орталыққа айналған болатын. Аталған орталық жаңа технологиямен және жоғары жылдамдықты интернетпен жабдықталған. Мұнда келушілер арнайы конференц-залда түрлі тақырыптарда семинарлар, дәрістер және тренингтер өткізе алады. Одан бөлек, жаңа орталықта демалыс аймағы, кино залы, кофехана, кітап дүкені және еркін пікірталас аймағы бар. Қазіргі таңда дәстүрлі кітапханадан жаңа заман талаптарына сай нағыз білім орталығы ретінде қайта жаңғырған нысан қазірдің өзінде жергілікті жастардың жиі бас қосатын жеріне айналып үлгерген.
Сонымен қатар, Оңтүстік Қазақстан Мемлекеттік педагогикалық университетінің базасында ашылған IT-сыныптың бүгінгі тынысымен танысып, ондағы оқытушылармен тілдесіп қайтты.
Жомарт БЕГІМБЕТ.