17 тамызда Түркістан облысының мемлекеттік қызметкерлері жаңа аймақтық орталыққа — Түркістан қаласына көшті. Түркістан облысы Төтенше жағдайлар департаментінің қызметкерлері қоныс аударғандардың қатарында болды. Оларға департамент бастығы азаматтық қорғау полковнигі Нұрғали Жүнісов басшылық етті, деп хабарлады Түркістан облысы ТЖД мемлекеттік тіл және ақпарат тобы.
Осы тарихи сәті бойынша іс-шараның барысында өңір басшысы Жансейіт Түймебаев екі ғасыр бойы Қазақ хандығының астанасы болған, маңызды шешімдер қабылданған Түркістанға атбасын бұрып, қызмет етуге бара жатқан азаматтар, жалынды жастар тарих алдындағы ұлы мұраттарының бірін орындап жатыр деуге толық негіз бар екенін атап өтті.
Екі ай бойы төтенше жағдайлар қызметкерлері 2018 жылғы 19 маусымда қол қойған Мемлекет басшысының қаулысын қатаң түрде орындауға тырысты. Әкімшіліктің 6 облыстық департаменттері орналасатын дайындалған ғимаратта қызметкерлер толыққанды жұмыс істеу үшін жұмыс бөлмелерін жабдықтап, оргтехниканы, олардың толыққанды жұмысын қамтамасыз ету үшін басқа да қажетті жабдықтарды орнатты.
Облыс әкімі Ж. Түймебаев әр департаментке олардың жұмыс орнымен таныстырып: «Бүгін біз үлкен көшті бастайын деп отырмыз. Көшер кезде біз Шымкентке жылы сезімдерді сақтаймыз. Түркістан — бүкіл қазақ халқының рухани астанасы Сондықтан оны дамытуға, өркендетуге күш салуымыз қажет. Шежірелі қаланың туристік әлеуеті көтеріліп, жаңа жұмыс орындары ашылады. Міне, енді Түркістан облысы мен Түркістан қаласының жаңа дәуірі басталды!», — деп атап өтті.