brtanov

Әрбір науқасқа қандай дәрі-дәрмек берілгенін көріп тұрамыз — Елжан Біртанов

Жыл соңына дейін түгел емханалар мен ауруханаларда қағаз түріндегі құжат айналымы болмайды. Бұл туралы бүгін ҚР Денсаулық сақтау министрі Елжан Біртанов мәлім етті, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

«Салада цифрландыруды барынша терең жүргізуге мән беріліп отыр. Өткен жылдан бері бұл бағыттағы жұмыстарға белсенді түрде кірістік. Биыл құжат айналымын қағазбен жүргізуден шығып жатырмыз, барлық өңірлер бұл үрдіске қосылды. Жыл соңына дейін түгел емханалар мен ауруханалар қағазсыз құжат айналымына көшеді. Бәрінен бұрын, науқастың сыртқатнама мәліметтерін жүргізуге қатысты болып отыр. Осы орайда науқастың жағдайы, дәрігерлердің дәрі-дәрмекті тағайындауы, зертханалық анализдер міндетті тіркелеп, жүйеде сақталады. Сәйкесінше, қандай да бір қажет емес дәрілерді жоюға жол берілмейді», — деді ведомство басшысы.

Министрдің сөзіне қарағанда, бұл бағыттағы жұмыстар барысында қажеттілігі жоқ дәрі-дәрмектің елеулі қоры анықталған. Препараттар ертеректе салып алынғанымен, есептен шығарылып отырған. «Бұл дәрілердің қайда бағытталып жатқанын білмейтінбіз. Яғни, бұл дәрілер науқастарға тікелей байланбаған. Цифрландыру атауландырылған есепті береді және әр науқасқа қандай дәрі жазылғанын көреміз. Жалпы, цифрландыру арқылы ем қабылдаушылар мен дәрі-дәрмек жайында айқын мәліметтерді алып, медициналық қызметтердің сапасын қамтамасыз ете аламыз», — деді Е. Біртанов.

Бұдан бұрын хабарланғандай, бүгін ҚР Денсаулық сақтау министрлігі мен ҚР Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі өзара ынтымақтастық туралы меморандумға қол қойды. Құжат аясында қатардағы медицина қызметкерлерінің көрсеткен медициналық қызметтері үшін материалдық және материалдық емес алғыстар алу дәстүрін жою бойынша шаралар қабылданатын болады.




Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

error: Content is protected !!