img-20180815-wa0027

Ұлы композитор ескерткішіне гүл шоқтары қойылды

15 тамыз — аса көрнекті сазгер, ән падишасы, осы заманғы эстрада жанрының негізін қалаушы, ҚР Еңбек сіңірген қайраткері Шәмші Қалдаяқовтың туған күні. Композитор Отырар ауданында 1930 жылы 15 тамызда дүниеге есігін ашқан. Бұл күн тек Шәмшінің ғана  туылған күні емес, бүкіл қазақ елінің мерекесі. Осынау атаулы датада шаһарымыздың орталығында орналасқан «Шәмші аллеясында» сазгердің ескерткішіне гүл шоқтары қойылып, «Қазақ вальсінің короліне» тағзым жасалды.

img-20180815-wa0014

Қолда бар алтынның қадірі жоқ. Көзі тірісінде марапатқа ілінбеген композитордың қайтыс болғаннан соң шын мәнінде екінші ғұмыры басталды. Ресми атақтары болмаса да, халықтың шексіз сүйіспеншілігіне бөленген, талантына тәнті болған халқы көзі тірісінде-ақ «Қазақ вальсінің королі» атандырған тұлғаны бұл күндері билік те, қарапайым халқы да зор құрмет тұтып келеді. Бұның бір дәлелі бүгінгі өткізілген шара.

img-20180815-wa0026

Музыка тілі – тілсіз тіл. Ол адам жанындағы кереметтердің, құдірет күштің ғашық сиқыршысы. Үнсіз күреске шақырады, көзсіз ерлікке бастайды, мүлгіп кеткен жүрек пернелерін оятады. Әлеуетті жігер береді, өмірден өз үлес сыбағаңды алуға жетектейді, қуаныш-қайғыңды бөліседі. Асып-тасып бара жатсаң сабаңа түсіріп, азаматтық парыз туын көтереді. Осындай қиын да күрделі, адам баласының өз құдірет күшіндей музыка мықтылығы Шәмші Қалдаяқов әндерімен сабақтас.

img-20180815-wa0035

Тұтас бір ұрпақты әнмен әлдилеген, әуенімен тәрбиелеген Шәмші аға шынында да бақытты жан! Мемлекеттік әнұран болып қабылданған «Менің Қазақстаным» әніне биыл 60 жылдан асты. Егер ұлы композитордың еліне, туған халқына махаббаты болмаса, осындай ән тумас па еді. Дәл осындай патриоттық әнді өмірге алып келген Шәмші ағамыз ұлтжанды, рухы мықты екенідігі талассыз.

img-20180815-wa0024

Бауырлас қырғыз елінің ұлы жазушысы Шығыс Айтматов өз сөзінде Шәмшіні ән падишасына теңеп, ол тек қазаққа ғана емес, бүкіл әлемге ән салдырған аса талант иесі деп тамсанған. Иә, шынында да Шәмші мұрасын болашақ ұрпакққа жеткізу, әсем әндерін насихаттау барысында әлі талай шаруалар жасау – біздің азаматтық борышымыз. Ерім дейтін артында елі тұрғанда Шәмші әндерінің мәңгі өлмейтіні сөзсіз.

Жансая Елемесова

 




Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

error: Content is protected !!