Қажымұқан Мұңайтпасов көтерген тастар музейге тапсырылды | "Айғақ" ақпараттық порталы
sequence-01-still004

Қажымұқан Мұңайтпасов көтерген тастар музейге тапсырылды

Қазақ даласының батыры, алып күштің иесі Қажымұқан Мұңайтпасұлының екі бірдей тасы Ордабасы ауданындағы палуанның атына берілген музейге тапсырылды.  Бірі  1923 жылы Баянауыл жерінде Сүбек  досына сыйға тартқан таудың алып тасы болса, екіншісі палуанның 75 жасында  көтеріп өнер көрсеткен тасы Түлкібас ауданыннан табылды. 95 жылдан кейін табылған құнды жәдігердің құрметіне орай салтанатты шара ұйымдастырылып  күш атасының рухына құран бағышталды.

maks-1

Елбасының «Болашаққа бағдар: Рухани жаңғыру» бағдарламалық мақаласы аясында әкелінген бұл тастың тарихы тереңде… Тарқатып айтсақ, қара күштің иесі Қажымұқан Мұңайтпасұлы  1922 жылы Павлодар уезінің Ақкелін, Далба облыстарын аралап күшін көрсеткен екен. Сол кезде  алып күш иесіне Далба халқы екі үйір жылқыны сыйлыққа берген. Жылқыны айдап Баянауылдағы өзінің жақын досы  Сүбек ұстаның үйіне келеді. Сүбектің күн көрісі көрігі мен балғасы болған деседі. Қарны аш киімі жалаңаш болмаса болды дүниеге еш қызықпаған жан екен. Содан палуан досының үйіне 2-3 күн қонақ болып, қайтарында мына олжамның жартысын алып қал десе, Сүбек ұста маған сенің мал дүниең керек емес оданда мына соңымнан ерген жалғыз тұяқ балама естелік ретінде ана тұрған таудан бір тас әкеліп берсең соның өзі жеткілікті деген. Таудың төбесіне шығып палуан дәу қаратасты арқасына салып досының үйіне әкеледі. Мінекей, сол таудың тасы  1 ғасырға жуық уақыттан кейін құнды жәдігер ретінде  Ордабасы ауданындағы алып күш иесінің атындағы музейге тапсырылды.

maks-2

maks-4

Өткен тарихымызды қайта жаңғырту бүгінгі ұрпақтың міндеті. Осы тұста айта кетсек, өткен іс шара қазақ даласын жырға бөлеген ақындар мен жазушылардың  да ұрпақтарының басын қосты. Мәселен, қазақтың белгілі ақыны, тарихшы, философ Мәшһүр Жүсіп Көпеевтің шөбересімен жазушы, драматург  Жүсіпбек Аймауытовтың ұрпағы арнайы келіпті. Салтанатты шара барысында Мәшһүртанушы Абай Шарапиев Өзінің туған жері Павлодар облысының 20 томдық поэмасын Қажымұқан Мұңайтпасұлының музейіне сыйға тартты.

Күш атасы Қажымұқан палуанның 75 жасында көтерген екінші тасы Түлкібас ауданынан табылды. Алып тұлғаның бір қолымен көтеріп өнер көрсеткен дирмен тасын бүгінгі күнге дейін сарымайдай сақтаған 95 жастағы Жаңыл Бекбауова есімді әже. Оның айтуынша, ҰОС біткен жылдары палуан Түлкібас жеріне атбасын бұрып, Жаңыл әженің үйінде қонақта болған екен. Сол жерде түрлі темірлерді майыстырып және алып тасты бір қолымен көтеру арқылы өз өнерін көрсеткен деседі. Салтанатты шара барысында күш атасының көзін көрген қарияға құрмет пен басына ақжаулық жабылды. Шара соңында бірқатар ел ағаларымен палуанның ұрпақтары Қажымұқан Мұңайтпасовтың зиратына барып рухына арнап құран бағыштады.

maks-3

maks-5

Спорт арқылы қазақ даласын әлемге паш еткен Қажымұқан Мұңайтпасовтың екі бірдей тасы осылайша палуанның музейіне тапсырылды. Әрине, бұл өз кезегенде Мемлекет басшысының «Болашаққа бағдар: Рухани жаңғыру» мақаласымен түпкілікті байланысты. Өйткені, өткен тарихымызды қайта жаңғыртып бүгінгі және болашақ ұрпаққа аманат етіп қалдыру, бұл рухани жаңғырудың бір жолы.

Мақсат ТОҚСАНБАЙ




Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

error: Content is protected !!