Қазақстанда Денис Тен атындағы мәнерлеп сырғанау академиясы ашылады.
«Бүгінгі таңда ҚР мәдениет және спорт министрлігі Д.Тен ат. мәнерлеп сырғанау академиясын ашу мәселесін қарастыруда. Барлық жәйттар анық болғаннан кейін біз бұған қатысты толық ақпарат беретін боламыз. Десек те Д.Тен ат. мәнерлеп сырғанау академиясы міндетті түрде ашылады», — деп мәлімдеді жұма күні ҚР мәдениет және спорт министрлігінен.
Естеріңізге сала кетейік, Д.Тенді 19 шілде күні өлтіріп кеткен болатын. Қайғылы жағдай Алматының ортасында орын алды. Қаскөйлер көлік тұрағында тұрған спортшының көлігінің жанындағы айнасын шешіп алмақ болған. Сол кезде оларға көлік иесі – Д.Тен келіп қалған. Сол сәтте ұрылар мен спортшы арасында төбелес болып, спортшы пышақтан ауыр жараланып, ауруханада көз жұмды.
Бұған дейін хабарланғандай, қылмысты жасаған деген күдікпен 24 жасар Жамбыл облысының тумасы Нұралы Қиясов пен 23 жасар Қызылорда облысында тіркелген Арман Құдайбергенов ұсталды. Полицияда айтқандай, олар екеуі де қылмыстарын мойындаған.
Қазақстан спортына еңбегі сіңген спорт шебері, Олимпиада-2014 қола жүлдегері, 2015 жылғы Төрт құрлық чемпионатының жеңімпазы VII қысқы Азия ойындарының чемпионы және көптеген басқа да марапаттар иесі Д.Тен Қазақстан тарихында мәнерлеп сырғанаудан атақты спортшы болған еді.
Қазақстандықтың қоржынында барлығы 10 алтын, 4 күміс және 3 қола медаль бар, оның басым бөлігін ол халықаралық турнирлерде жеңіп алған. Халықаралық конькишілер одағының ағымдағы рейтингінде ол әлемнің үздік мәнерлеп сырғанаушылар ондығына кірген болатын. Белгілі қазақстандық спортшы 25 жасында өмірден озды.