Биыл елімізден халықаралық пән олимпиадасына 5 оқушы қатысты. Мектеп шәкірттерінің шет елде жеткен жетістіктері жаман емес. Республикадан аттанған үздік бестіктің төртеуі қола медальді иеленді. Олардың бірі Түркістан облысынан жолдама алған Қазақ-түрік ұлдар лицейінің түлегі Қалжан Жамалиддин.
Бұл 80-нен аса мемлекеттің ішінен өз білім ордасының, өңірдің, тіпті еліміздің намысын жерге жықпай жүлделі үштікке қол жеткізген оқушы. 49-шы халықаралық физика олимпиадасында қола медальді иемденген Қалжан Жамалиддин бұл жетістікке оңайлықпен қол жеткізбеді. Үздіктердің қатарынан көрініп, ұдайы ізденісте болды. 11 сыныпты бітірген мектеп шәкірті енді шет елде білім алуға аттанбақ.
Расында Қалжан Жамалиддин білім алған мектеп лицейінің лидерлері аз емес. Ұстаз үміт артқан шәкірттер биік белестерді бағындырып, Республикада тіпті өзге елде де үздіктер қатарынан көрініпті. Биыл білім ордасының оқушылары 100 пайыз жоғарғы оқу орнына жолдама алған. Бітіруші 65 түлектің 46 –сы мемлекеттік гранттың иегерлері.
Алғырлығымен қатардың алдында жүретін оқушы енді баспалдақтан жаңа қадамға аттап отыр. Лицейдің түлегі білімін Оңтүстік Корея елінде жалғастырады. Бірақ, Жамалиддин жоғарғы оқудан кейін бойына жиған біліктілігімен тек туған еліне келіп қызмет жасамақ ниетте.
Жомарт БЕГІМБЕТ.