Жамбыл облыстық орыс драма театры Македониядан олжалы оралды | "Айғақ" ақпараттық порталы
zhambl-ors-teatr

Жамбыл облыстық орыс драма театры Македониядан олжалы оралды

Биыл мамыр айында Жамбыл облыстық орыс драма театрының ұжымы Македония мемлекеті Велес қаласының мэрі Аце Коцевскиден халықаралық «STOBI – 2018» театр фестиваліне қатысуға шақырту алған болатын.

Сол күннен бастап дайындық жұмыстарына кіріскен өнер ұжымы бүгінде елімізге олжалы оралып, жамбылдықтардың ғана емес, бүкіл қазақстандықтардың мерейін өсірді.

Македония мемлекетінде он жетінші рет өткізіліп отырған айтулы өнер додасында Жамбылдан барған орыс театрының ұжымы Эдвард Радзинскийдің «Нерон және мен» атты трагедиялық фарс жанрындағы спектаклін сахналады. Аталған спектакльдің қоюшы режиссері – Қуандық Қасымов.

Адамзат тарихынан белгілі, Юлий-Клавдийлер әулетінің өкілі болып саналатын Клавдий Цезарь Нерон алғашқы жылдары әйгілі Бурр мен философ Сенеканың ықпалында болып, сенатпен келісіп билік еткен император. Алайда ол кейінгі кезде өзіне қарсы шыққан сенат ақсүйектерін ғана емес, қоғамның өзге де өкілдерін қуғын-сүргінге ұшыратып, олардың дүние-мүлкін тәркілеуге көшеді. Нерон құрбандықтарының арасында өз анасы, жақын туыстарымен қатар, философ Сенека, ақын Лукан, жазушы Петроний сияқты аса көрнекті тұлғалар болады. Ақыры 68 жылы өзіне қарсы көтеріліс басталып, мұнда ірі әскербасылардың қолдауынан айырылған Нерон Римнен қашады және жолда өзін-өзі өлтіреді. Сондықтан да ол адамзат тарихындағы қасіретті тұлға ретінде суреттеледі. Ал император Неронның қаһарына ұшырап, ақыры өзін-өзі өлтіруге мәжбүр болған әйгілі философ Сенека Луций Анней өз дәуірінің шиеленісті мәселелерін бейнелеген шығармаларымен біздің заманымызға дейін жеткен ғұлама. Міне, «Нерон және мен» шығармасында осынау адамзаттық мәселе көтеріледі.

Стоби қалашығында орналасқан амфитеатрда өткен фестиваль кезінде жергілікті жұртшылық жамбылдық театрдың қойылымын жылы қабылдап, лайықты қошемет көрсетті. Нәтижесінде Жамбыл облыстық орыс драма театрының актері, Сенека бейнесін сомдаушы Бекназар Ізбасаров «Үздік ер адам рөлі» номинациясы бойынша жоғары жетістікке қол жеткізді. Македония мемлекетінде өткен айтулы өнер бәсекесіне қатысатын театрларға талаптың жоғары болатынын ескерсек, бұл ретте де жамбылдық өнерпаздардың өнерін жоғары деңгейде деуге болады.
Еgemen.kz




Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

error: Content is protected !!