Азиадаға баратын дзюдошылар белгілі болды | "Айғақ" ақпараттық порталы
aziada-dzyudo

Азиадаға баратын дзюдошылар белгілі болды

18 тамыз бен 2 қыркүйек аралығында Индонезияның астанасы – Жакартада жалауы желбірейтін XVIII жазғы Азия ойындарында Қазақстанның ұлттық құрама командасы сапында 15 дзюдошы (8 ерлер+7 әйелдер) өнер көрсетеді.

Ерлер арасында Рио Олимпиадасының қола жүлдегері, әлем және Азия чемпионы, Азия ойындарының жеңімпазы Елдос Сметов (60 келі) бастаған жігерлі жігіттер ердің ерлігі емес, елдің елдігі сынға түсер сәтте еш аянып қалмаймыз деп алақандарын ысқылап отыр. Олимпия ойындарында белдесіп, түрлі халықаралық додаларда дараланып жүрген Жансай Смағұлов (73 келі), Дидар Хамза (81 келі) және Ислам Бозбаев (90 келі) та өз мүмкіндігімізді қалт жібермейміз деп құлшынуда. Көпті көрген кәнігі балуандар Елдос Жұмақанов (66 келі) пен Виктор Демьяненконың да (100 келі) дәмелері зор. Олар да Азиаданың бір жүлдесін іліп әкетуге әзір. Сонымен қатар, Санжар Жабборов (+100 келі) пен Ерасыл Қажыбаев (аралас командалық сайыс) сынды тастүлектерге сенім артылып отыр.

-Біздің дзюдошылар Азия ойындарына тыңғылықты даярланды. Осы жарыс қарсаңында бірқатар Гран-при және Гранд Слэм додаларына қатыстық. Солардың арасынан іріктеліп шыққандарды жылдың басты бәсекесіне қосуды құп көрдік. Қазіргі кезде Щучинск қаласындағы «Жақсы» базасында жаттығу жұмыстарын өткізіп жатырмыз. Бұйыртса, ерлер командасы Жакартада бір алтын, бір күміс және бір қола медальді иеленуді көздеп отыр, – дейді ұлттық құрамаманың бас бапкері Айдын Смағұлов.

Ал әйелдер сайысында Отгонцэцэг Галбадрах (48 келі), Кәмшат Қарасайқызы (52 келі), Севара Нышанбаева (57 келі), Иоланта Бердібекова (63 келі), Зере Бектасқызы (70 келі), Зарина Райфова (78 келі) және Гүлжан Исанова (+78 келі) боз кілемге шығады. Осы балуандар арасынан Олимпия ойындарының қола жүлдегері Отгонцэцэг Галбадрах пен құрлықтың жарыстарда үнемі жүлдегерлер қатарынан көрініп жүрген Гүлжан Исановаға артылар сенім зор.

Өткенге зер салсақ, Қазақстанның дзюдошылары Азия ойындарында табысты өнер көрсетіп жүргенін аңғару қиын емес. Мәселен, 1994 жылы отандастарымыз екі күміс және үш қола медальді иеленді. Хиросимада Иван Карезелиди мен Серік Әлімжанов финалда ұтылса, Серік Шәкімов, Серік Әдіғанов және Ибрагим Вешагуров үшінші орынға табан тіреді.

1998 жылы Бангкоктағы жарысты алты медальмен қорытындыладық. Атап айтсақ, Иван Бағлаев пен Варвара Масягина күміс алса, Нұрбол Сүлейменов, Вячеслав Бердута, Руслан Сейілханов және Серік Шәкімов қолаға қол созды.

2002 жылы Пусанда Базарбек Донбай тек ақтық айқаста ұтылса, Асхат Житкеев, Вячеслав Бердута және Шолпан Калиева үшінші сатыға жайғасты.

2006 жылы Дохада алты жүлдені олжаладық. Максим Раков пен Алмас Атаев күміспен күптелсе, Асхат Житкеев екі мәрте және Саламат Отарбаев пен Елдос Ықсанғалиев бір-бір реттен қола медальді еншіледі.

2010 жылы Гуанжоуда жалауы желбіреген дүбірлі додада Ислам Бозбаев күміске қол жеткізсе, Максим Раков, Гүлжан Исанова және Галия Ұлментаева қола жүлдені кеуделерінде жарқыратты.

2014 жылы Инчхондағы жарыста Елдос Сметов отандық дзюдошылардың арасынан бірінші болып, Азия ойындарында Қазақстанның әнұранын шырқатты. Максим Раков пен ерлер құрамасы екінші орынға тұрақтаса, Азамат Мұқанов, Ленария Меңғазова және Мариям Ордабаева үшінші сатыға табан тіреді.

Еgemen.kz




Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

error: Content is protected !!