Арыс – Орта Азия қақпасы, батыс пен шығыс мәдениетінің тоғысы, қазақ теміржолшыларының құтты қонысы.
Арыс ежелден-ақ жыраулар мен ақындардың, әншілердің – өнер иелерінің қасиетті қонысы, қара шаңырағы екенін үлкен мақтанышпен айтамыз.
Шашасына шаң жұқтырмаған ақындар Майлықожа мен Мәдәлінің, Ергөбек пен Сақтың ізбасарлары Арыс даңқын биік көтеріп жүр.
Біз көзінен от, табанынан шоқ шашыраған сатира сардары Садықбек Адамбековтың, арқалы ақындар Бекен Әбдіразақов пен Қосжан Мүсіреповтың есімдерімен мақтанамыз.
Біріккен Ұлттар Ұйымы Бас Ассамблеясы мінберінен тұңғыш сөз сөйлеген қазақ, академик Төлеген Тәжібаевты, академиктер Мұрат Жұрыновты, Мәди Өскенбаевты, Әбдімұса Қуатбековты мақтан тұтамыз.
Біз әдебиет пен өнердің саңлақтары жазушы-драматург Дулат Исабековты, арыстың аққуы – қазақтың «Гәккуі» атанған Нұржамал Үсенбаеваның, асқақ үнді әншілер Ақжол Мейірбековты, Шахизаданы, сазгер әрі әнші Ержан Серікбаевты, Нұрлан Еспановты, айтыскер ақын Нұрлан Есенқұловты «Дүлділдеріміз» деп, «Бұлбұлдарымыз» деп мақтаныш етеміз.
Арыстың қаршадай екі қызы – Жазира Жаппарқұл мен Гүлбану Баймұрат спорттың ауыр түрлері – зіл темір көтеруден және самбодан әлемнің, сондай-ақ Азияның чемпиондары.
Бұл күндері еліміздегі болат жолдың шешуші учаскелерінің бірі саналатын Арыс теміржол торабының іргетасы төселгеніне 113 жылдан асты. Торап осы жылдар ішінде толысу мақсатында талай қайта жаңғыртулар кезеңінен өтті.
Торап кәсіпорындарының барлығында жыл өткен сайын жаңа технологиялар көбейіп, табысты жұмыстың қайнар көзі болуда. Арыстың атын асқақтатып жүрген теміржолшылардың алдағы кезде де сенім биігінен көрінетіні даусыз.
«Қала және Теміржолшылар күні» мерекесі құрметіне арналған салтанатты мерекелік шара қаламыздағы орталық Әл-Фараби алаңында өтті.
Салтанатты шара барысында шаһар басшысы Қадырбек Мұрат Болатұлы қала қонақтары мен жиынға қатысушыларды қос мерекемен құттықтады.
Қала әкімі М.Қадырбек:
-Баршаңызды қала өміріндегі маңызы ерекше қала және теміржолшылар күні мерекесі құттықтаймын! Қала тарихының үлкен белесі сонау 20-шы ғасырдың басында салынған Орынбор-Ташкент теміржолы тарихымен тығыз байланысты. 1956 жылы тоғыз жолдың торабында орналасқан Арыс қаласына биыл 62 жыл толып отыр.
Арыс – Орта Азия қақпасы, батыс пен шығыс мәдениетінің тоғысы, қазақ теміржолшыларының құтты қонысы. Тату елдің тойы ешқашан тарқамақ емес. Арыстықтар ежелден қалыптасып, бүгінге жалғасқан және ертеңге ұласатын ата-бабалар мен аға-ұрпақтың еңбек және ерлік, дәстүрлеріне адалдық таныта отырып, ежелден қалыптасып, бүгінге жалғасқан және ертеңге ұштасатын аса бай, мәнді де, мағыналы тарихымен, өміршең мәдениетімен өлмес әдебиетімен және өнерімен мақтанады. Дәстүрге адал арыстықтар осы жылдар ішінде абырой биігінен көріне білді. Соңғы жылдардың өзінде қазақ теміржолы мыңдаған шақырымдарға ұзарды. Теміржол саласын тиімді пайдалану, оның барлық буынын өркендету ісіне Арыстықтар да өз үлестерін қосып келеді.
Бұл күндері еліміздегі болат жолдың шешуші учаскелерінің бірі саналатын Арыс теміржол торабының іргетасы төселгеніне 113 жылдан асты. Торап осы жылдар ішінде толысу мақсатында талай қайта жаңғыртулар кезеңінен өтті. Арыстың атын асқақтатып жүрген теміржолшылардың алдағы кезде де сенім биігінен көрінетіні даусыз. Сіздердің алдағы кезде де еліміздің гүлденуіне қосар үлестеріңіздің аз болмайтындығына сенімдімін» — деді.
Құттықтау сөз соңында қала басшысы М.Қадырбек Арыс қаласының әлеуметтік-экономикалық дамуына қосқан сүбелі еңбектері үшін бірқатар азаматтарды Алғыс хаттармен марапаттады.
Салтанатты жиын соңы мәдениет үйі өнер ұжымының концерттік бағдарламасына және отшашуға ұласты.
Арыс қаласы әкімінің баспасөз қызметі