Шымкент қаласындағы Қаратау ауданы 2014 жылы құрылған болатын. Аталған ауданда 28 жергілікті тұрғындар мекені мен шағын аудандар орналасқан. Көп қабатты үйлер аз орналасқандықтан, жергілікті тұрғындардың әлеуметтік мәселелерде айтар арыз –шағымы да жеткілікті. Ал бүгін аудан әкімі Асар шағын ауданында жергілікті тұрғындармен жүзбе – жүз кездесіп, біршама мәселенің шешу жолдарын қарастырды.
Жақында Қаратау аудан әкімі болып Исамидин Қантөреев тағайындалған болатын. Басшылық аталған аумақтың барлық қоғамдық мәселесін шешу мақсатында аудан тұрғындарымен кездесулер ұйымдастыруда. Сол мақсатта өткен жиын «Асар» шағын ауданында жалғасын тапты. Аудан тұрғындары басшылыққа маңызды мәселелерді көтеріп, оның тез арада қаралуын өтінген болатын. Бүгінде шағын елді-мекендегі 62 көшенің 24- іне 2017 жылы заңды түрде атау берілді. Енді қалған 38 көшеге атау беру жақын арада шешімін таппақ. Бұдан өзге көше жарықтары тездетіп жұмыс атқарылуына жергілікті тұрғындардың өзі ат салысатынын мәлімдеді. Қазіргі уақытта аудан тұрғындарының бастамасымен «Ел аманаты» қоғамдық бірлестігі жұмыс атқарып келеді. Олар аудандағы әр көшенің тазалығы мен ұқыптылығына жауап беріп, ұлттық құндылықтың сақталуына өзіндік жұмыс жасауда.
Қаратау ауданына қарасты басқа өңірлерде бұдан өзге мәселелер жеткілікті екенін жасыра алмаймыз. Халықтың көпшілігі тасымалдау транспортына және көшелерде асфальтті жолдардың, жарықтың жоқтығына өз шағымдарын білдіріп жатады. Алайда аудан әкімі басқа да шағын аудандардың тұрғындарымен кездесу өткізіп, 2019 жылға дейін өзекті проблемардың азаюына атсалысатынын мәлімдеді.
Басшылық халықтың мұң-мұқтажсыз өмір сүруі үшін бар жағдайды жасауға тырысып, халықтың аузында жүрген мәселенің оң шешім табуына тырысатынын жеткізді. Аталмыш ауданның тұрғындары апта сайын белгілі уақытта әкімнің қабылдауында болып, өзінің өтінішін жеткізе алады. Шырылдаған халықтың үнін естіп, әрдайым көңіл аударса, еліміздің тыныштығы сол болмақ.
Тоғжан Нарбай