Бүгінгі таңда талапқа сай келмейтін мешіттер саны күрт артқан. Бұл туралы Қазақстан халықтарының Ассамблеясы ғимаратында діни бірлестіктер мен байланыстар жөніндегі кеңес мәжілісінің кезекті отырысында айтылды. Қоғамдағы өзекті мәселенің шешімін табу мақсатында сала мамандары бас қосып, заң талаптарына қайшы келетін мешіт құрылысына қатысты деректерге тоқталды.
Бұдан былай мешіт құрылысын жүргізуге қадағалау күшейтіледі. Өйткені заңсыз салынған құлшылық орындарының саны артып келеді. Сауап жасаймыз деген сөздің астарында, атымды шығарамын деген нұсқаудың көрініс табары да шындық. Ендігі, билік осы мәселемен күресуге бел буған тәрізді. Күні кеше өткен жиналыс — соның бірден-бір дәлелі.
Мәжіліс барысында қоғамдағы өзекті мәселелердің бірі – заң талаптарына сәйкес келмейтін өңіріміздегі 400-ден астам мешіттердің бар екені жайлы сөз қозғалды. Оның шешу жолдарын қарастырып, мәжіліске қатысушылар да өз ойларын жеткізіп отырды. Ашық отырысқа облыстық дін істері басқармасының басшысы Самат Сапарбаев, облыстық сәулет және қала құрылысы басқармасы басшысының орынбасары Бақтыбай Дүйсебеков, облыс әкімдігі жанындағы діни бірлестіктермен байланыс жөніндегі кеңес мүшесі С.Мәжінбеков және қала мешіттерінің имамдары мен кеңес мүшелері, қала, аудан әкімдерінің орынбасарлары және ішкі саясат бөлімдерінің басшылары, сондай–ақ БАҚ өкілдері де қатысты.
Жиын барысында күн тәртібіндегі мәселелер бойынша сұрақ- жауап, пікір алмасулар болды. Осы мәселе турасында Сәулет және қала құрылысы басқармасы басшысының орынбасары мәлімдеме жасап, қатысушыларға заңсыз құрылыс бастамауларын қатаң түрде ескертті. Талапқа сай келмейтін нысандардың иелері қажетті құжаттарды жинақтамай ғимараттар тұрғызған. Қазіргі уақытта құрылыс қожайындарына ескертулер беріліп, түсіндірме жұмыстары жүргізілуде.
Заңсыз құрылыстың алдын алу және болдырмау — мамандардың негізгі міндеті. Құлшылық жасайтын орындарды қиратуға қол бармайды. Дегенмен, олар сәулеттік жобаны құзырлы органмен бекітпей, құрылыс жүргізуге рұқсат жоқ деп отыр. 2014 жылы осы тақырыпқа қатысты Регламент қабылданған болатын. Содан бері 8 мешіттің ғана құжатын растап, рұқсат берген.
Бұл мәселе жайында қала имамдары да шетте қалған жоқ. Олар да бұл тақырып аясында өрбіген ұсыныстар Һақында өз көзқарастарын білдіріп отырды. Мешіт құжаттарын қалай рәсімдеу керектігін сұрап, құлшылық жасайтын орындардың сақталуын қалайтындарын білдірді.
Мешіт салу – сауабы үзілмейтін ғаламат іс. Алайда, екі аттасаң мешітке жолығатын жағдайға жеткеніміз де жасырын емес. Бұл жағдайдың өрбуі бір жағынан алаңдатушылық та туғызып отыр. Өйткені өзге дін өкілдері Алланың үйінде қаптап жүретіні де ақиқат. Жастар түгіл, ересек адамдардың арасында естерін білмей еретіндер көптеп кездесіп жүр. Заңсыз салынған мешіттердің мәселесі қаралса, онымен бірге бірнеше қиындықтың түйіні шешілетін тәрізді.
«Айғақ-ақпарат».