Баянауылда Мәшһүр Жүсіптің 160 жылдығына орай облыстық ақындар айтысы өткізілді, деп хабарлайды pavlodarnews.kz. Мәшһүр Жүсіп Көпеевтің 160 жылдығына орай өткізілген облыстық ақындар айтысының алғашқы айналымы Жаңажол ауылының мәдениет үйінде өтті. Сөз бәсекесіне түскен 16 ақын арасынан алты ақын екінші күні Мәшһүр Жүсіп кесенесінің қасында өткен мәре айтыста бақ сынады. Қазылар алқасының төрағасы Қазақстан жазушылар одағы Павлодар облыстық филиалының төрағасы, «Алаш» сыйлығының иегері Арман Қани ақындар арасында қатарға жаңа қосылған Алтай Қадырбек пен Мизан Жұмәліні ерекше атап өтіп, болашақта үміт артатынын жеткізді. Айтыс қорытындысы бойынша үшінші орынға баянауылдық Нұрғанат Қайрат лайық деп танылды. Павлодар қаласынан барған Қуаныш Шарманов екінші орынға ие болды. Баянауыл ауданы Жаңажол ауылының ақыны Тілек Сейітов бірінші орын алып, 200 мың теңгені қанжығасына байлады. Айтыстың ең жас қатысушысы, 9-сынып оқушысы Нұрбек Бәкір өзінің ұтқыр сөздерімен көрерменнің ыстық ықыласына бөленді. — Қарсыласым алдыңғы буын ағамыз екібастұздық Бағдат Әлекбаев болды, — деді Нұрбек Бәкір. – Қаншалықты жас болсам да үлкендерге ой саларлық сөз айтуға тырыстым. Ағамыз тіс қаққан ақын болса да, мен жас болғандықтан халықтың мен үшін жанкүйер болғанын сездім. Бұл сонғы айтысым емес, әлі де талай шыңдарды бағындыратын боламын. Өзім де осы Мәшһүр Жүсіптей бабаларымыз дүниеге келген Баянауыл даласының тумасымын. Бабалардың өсиетін тыңдап, салған іздерін жалғастыруға барымызды салып жүрміз. Айта кетейік, Баянауыл ауданы Жаңажол ауылы Ескелді шатқалында өткен ақындар айтысын облыс әкімі Болат Бақауов тамашалады.
Дереккөз: ҚазТАГ.