Түркістан облысының ақ халаттылары денсаулық сақтау саласын қайта жаңғырту жолдарымен етене танысуда. Екі күн бойы дәл осы бағытта ҚР Денсаулық сақтау вице-министрі Олжас Әбішевтің басшылық етуімен жұмыс тобы аймақтағы дәрігерлерге семинар сабақтар мен тренинг өткізу жоспарлануда. Ауқымды жиынға Түркістан облысы денсаулық сақтау басқармасының басшысы Мұқан Егізбаев пен өңірдегі барлық медициналық мекеме жетекшілері қатысты. Шараның басты мақсаты Қазақстанның барлық аймақтарындағы медициналық мекемелерге ұйымдық-әдістемелік көмек көрсету.
Мемлекеттің негізгі басымдығының бірі — ұлт денсаулығын қорғау. Үкімет өз кезегінде Қазақстанның денсаулық сақтау жүйесін реформалау бойынша Президенттің алға қойған бірқатар нақты міндеттерін ерекше бақылауда ұстап отыр. Бұл ұсынылатын медициналық қызметтерді цифрландыру, «қағазсыз ауруханаларға» көшу, сондай-ақ Медициналық жеке әріптестік қағидасы арқылы денсаулық сақтау нарығын ырықтандыру және жекеменшік медициналық ұйымдар үшін кедергілерді азайту арқылы саланың тиімділігін арттыру. 2017 жылы жекеменшік сектордың шектеулері алынып тасталды, бірқатар санитарлық нормалар жойылып, қайта қаралды. Бұл денсаулық сақтау саласына салынған жеке инвестицияларды екі есеге 44,2 млрд теңгеге дейін ұлғайтуға жол ашты. Бұл көрсеткіштен байқағанымыз еліміздің медицинасы бұрынғыға қарағанда едәуір өскенін аңғартады. Осы орайда Түркістан облысы Денсаулық сақтау басқармасының басшылары, Аймақтық департамент қоғамдық денсаулық сақтау комитетінің мүшелері, фармация комитеті, бас дәрігерлер мен олардың орынбасарлары екі күн бойы денсаулық сақтау саласын модернизациялау жүйесінің негізгі бағыттарымен таныс болмақ.
Семинарда аталмыш ведомство басшысының орынбасары медицина саласында түпкілікті өзгертулер енгізіліп жатқанын нақты мысалдар арқылы айтып өтті. «Денсаулық сақтау жүйесін модернизациялау» жобасын іске асыру үшін аймақ мамандарына мақсат-міндеттер жүктелді. Бұл орайда 6 негізгі және 6 қосымша бастама күн тәртібіне енгізілді. Семинар барысында емделушінің медициналық қажеттілігін айқындайтын дерекқор, алғашқы медициналық көмекті дамыту, мекемеге инвестиция тарту, электронды денсаулық сақтау жүйесі мен дәрі-дәрмек нарығын дамыту, медицина ғылымы мен білімін жаңғырту, денсаулық саласына ұжымдық басқаруды енгізу, қоғамдық денсаулық сақтау қызметін құру мен аймақтық қарым-қатынасты дамыту сияқты өзекті мәселелер талқыланды.
Сондай-ақ, вице-министр семинарға қатысушыларға әрбір бастаманы іске асыру жолдарын көрсете отырып, жергілікті атқарушы органдар мен оның басшыларының бұл бастаманы іске асырудағы міндеттерін айқындап берді. Жиын барысында министрлік басқаруындағы «Денсаулық сақтау саласын қайта жаңғырту» жобасы іске асатыны мәлімденді. «Денсаулық» мемлекеттік бағдарламасы аясында 12 базалық жобаны іске асыру жоспарланған. «Әлеуметтік маңызы бар ауруларға түсетін ауыртпалықтарды азайту» бастамасы аясында Ұлттық қоғамдық денсаулық сақтау орталығы құрылды. Сонымен қатар онкологиялық аурулармен жүйелі түрде күресу үшін 2018-2022 жылдарға арналған кешенді жоспар дайындалды. Концепцияның жобасы бойынша алғашқы медициналық-санитарлық көмекті дер кезінде көрсету болып табылады.
Семинар денсаулық саласының халыққа толыққанды қызмет көрсетуіне негізделді. Жүйе түпкілікті модернизацияланғанда медицина саласы дамып, тұрғындар дәрігерлердің көмегін жан-жақты алады деген сенім бар.
Жансая ЕЛЕМЕСОВА.