Бүгін Қазақстан Республикасы Президенті Әкімшілігінің және Келес аудандық мәслихатының келісімі бойынша Түркістан облысы әкімінің өкімімен Келес ауданының әкімі лауазымына Ақментай Үсенұлы Есбаев тағайындалды.
Жаңа әкімді аудан активіне облыс әкімі Ж.Түймебаев таныстырып, лауазым иесінің жұмысына табыс тіледі.
Есбаев Ақментай Үсенұлы 1972 жылы 3 мамырда Шымкент облысы Келес ауданы Ақтөбе селолық кеңесі Ғ.Мұратбаев совхозының Ленин бөлімшесінде дүниеге келген.
Ташкент мемлекеттік аграрлық университетінің экономика факультетін экономист-ұйымдастырушы квалификациялық мамандығы бойынша бітіріп шыққан.
2000-2009 жылдар аралығында Аудандық қаржы бөлімінің жергілікті бюджет бөлімінің бастығы, 2009-2010 жылдары аралығында Ауданның экономика және бюджеттік жоспарлау бөлімінің бюджеттік жоспарлау секторының меңгерушісі болып еңбек етті. Ауданның экономика және қаржы бөлімінде басшылық лауызмды атқарған ол, 2014 жылдан бастап бүгінгі күнге дейін Сарыағаш ауданы әкімінің орынбасары қызметтерін атқарған.
Айтып өтейік, Елбасының 2018 жылдың 5 маусымындағы Жарлығымен Түркістан облыстық әкімшілік-аумақтық құрылысындағы өзгерістер туралы «Қазақстан Республикасының әкімшілік-аумақтық құрылысы туралы» 1993 жылғы 8 желтоқсандағы Қазақстан Республикасы Заңының 9-бабына сәйкес Қаулыға сәйкес, Сарыағаш ауданын бөлу жолымен әкімшілік орталығы Сарыағаш қаласында болатын Сарыағаш ауданы, әкімшілік орталығы Абай ауылында болатын Келес ауданының әкімшілік-аумақтық бірліктері құрылған еді.