turkistan

Түркістанда тұрғын үйлерді Яссауи мавзолейінен биік емес шығыс стилінде салу жоспарлануда

Түркістанда тұрғын үйлерді Қожа Ахмед Яссауи мавзолейінен биік емес шығыс стилінде салу жоспарлануда, деп хабарлады Түркістан облысы әкімінің баспасөз қызметінен.

«Түркістан қаласында бой көтеретін тұрғын үйлер көп қабатты болмайды. Себебі, Қожа Ахмет Яссауи кесенесінің биіктігінен аспау керек. Барлық жерде мавзолей мүмкіндігінше көрініп тұруы қажет. Сондай-ақ, баспаналар Орта-Азиялық стильде, яғни көне дәуірдегі сәулетпен салынуы тиіс. Сонда еліміздегі, кем дегенде, бір қала осындай ескі келбетпен бой көтереді», — деді жұма күні Түркістан облысының әкімі Жансейт Түймебаев.

Түркістан қаласын туристер үшін қолайлы аймаққа айналдыру мәселесін сөз еткен өңір басшысы мұнда жаңадан әуежай, теміржол вокзалы мен автовокзал және қонақ үйлер, дәмханалар салынатынын атап өтті. Бұдан бөлек, әкім Қ.А. Яссауиға қатысты жарияланған құнды жәдігерлердің көптігінен арнайы Яссауи музейі салыну қажеттігіне де тоқталды.

«Елбасы тапсырмасының аясында республиканың әрбір облысы Түркістан қаласына бір ғимараттан салып, сыйға тартатынын жеткізді. Мәселен, Астана қаласының әкімі Ә.Исекешов «Астана» саябағын салу туралы ұсыныс білдірген», — деді Ж. Түймебаев.

Бұған дейін хабарланғандай, өңір басшысы Түркістан туризм саласы бойынша Самарқан, Бұхара, Хиуа сияқты қалалармен бәсекелесіп, Түркі әлемінің астанасы және облыс орталығы ретінде әлемдік аренада Қазақстанның беделін биіктетіп, мәртебесін асқақтататынын жеткізетінін мәлімдеген еді.

Еске салсақ, 19 маусымда ҚР президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың жарлығымен Шымкент республикалық маңыздағы қала мәртебесін алды, ал Түркістан жаңадан құрылған Түркістан облысының облыс орталығы болды.

Дереккөз: ҚазТАГ.




Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

error: Content is protected !!