olimpiada

Қазақстандық балуан қыз Олимпиада жолдамасына ие болды

Әйелдер күресінен Қазақстан құрамасының мүшесі Нилуфар Раимова ІІІ Жасөспірімдер Олимпиадасына лицензия жеңіп алды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

ҚР ҰОК-нің баспасөз қызметі мәлім еткендей, Нилуфар Раимова мамыр айында Ташкентте өткен Азия чемпионатында қола жүлдегер атанған болатын. Алайда, күрес түрлеріндегі жолдама тек бірінші орын иемденген спортшыға ғана берілген еді.
Сол кезде жапондықтар бес салмақтың барлығында да жеңімпаз атанған соң, біреуінен бас тартуға мәжбүр болған. Осылайша, жапониялық команда 49 келідегі балуан Акари Фуджинамиді Олимпиадаға апармаймыз деп шешеді.
Осы салмақта күміс жүлдегер атанған өзбекстандық Шохида Ахмедова да жолдамадан бас тартып, жартылай финалда болашақ чемпионнан жеңілген Нилуфар Раимова лицензияға иелік етті.
«Әрбір спортшының жеңісінің артында үлкен команданың еңбегі тұр. Бұл ұжымның да еңбегі. Сондықтан, жас спортышымызға сәттілік тілеймін», — дейді әйелдер күресі бойынша федерацияның вице-президенті Гузель Манюрова.
Айта кетейік, Жасөспірімдер Олимпиадасы 6-18 қазан аралығында Аргентинаның Буэнос-Айрес қаласында өтеді.
Дереккөз: inform.kz




Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

error: Content is protected !!