Алтыншы шақырылымдағы Түркістан облыстық мәслихатының кезектен тыс жиырма жетінші сессиясының күн тәртібінде 3 мәселе қаралды. Алғашқысы Түркістан облысының Жетісай, Мақтаарал, Келес, Сарыағаш аудандарының шекараларын белгілеу болса, Түркістан облыстық мәслихатының Әдеп жөніндегі комиссиясы туралы жиында жан-жақты қаралса, Түркістан облысы бойынша тексеру комиссиясының төрағасын тағайындау туралы да депутаттардың қолдауымен шешім қабылданды.
Сонымен, жиын қорытындысы бойынша «Мемлекеттік аудит және қаржылық бақылау туралы» Қазақстан Республикасы Заңының 47-бабының 2-тармағына сәйкес Қуанышбек Тастемірұлы Сапарбеков Түркістан облысы бойынша тексеру комиссиясының төрағасы лауазымына тағайындалды.
Қуанышбек Тастемірұлы 1970 жылы туылған. Білім жоғары. 1995 жылы қазақтың тұтыну кооперациясы институтын «экономист-бухгалтер» мамандығы бойынша бітірген. Мемлекеттік қызметтегі еңбек өтілі 20 жылдан астам.
Еңбек жолын 1988 жылы бухгалтердің көмекшісі болып бастаған. 1992 жылдан бастап Қайнар, Шаттық шаруашылық есеп қоғамдастығының бас бухгалтері болып жұмыс істеген. 1995 жылдан ҚР Қаржы министрлігі мемлекеттік Қаржылық бақылау комитетінің Шымкент қаласы бөлімшесінде аға бақылаушы ревизор болған. 1998-2000 жылдар аралығында ОҚО бойынша Қазынашылық басқармасының аға бақылаушы ревизоры болып қызмет еткен. 2000-2016 жылдары аралығында ҚР Қаржы министрлігі Қаржылық бақылау комитетінің ОҚО бойынша Қаржылық бақылау инспекциясының жетекші маманы, бас маманы, бөлім басшысы, басшының орынбасары қызметтерін атқарды. 2016 жылғы маусымнан бастап қазіргі уақытқа дейін ҚР Қаржы министрлігі Ішкі мемлекеттік аудит комитетінің ОҚО бойынша Ішкі мемлекеттік аудит департаменті басшысының орынбасары лауазымын атқарып келді.