24

Дәурен Қуат пен Жанарбек Әшімжан жаңа қызметке тағайындалды

Республикалық «Қазақ әдебиеті» және «Ана тілі» газеттеріне жаңа бас редакторлар тағайындалды, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Бұл хабарды Қазақстан Жазушылар одағы мен «Қазақ газеттері» ЖШС растады.

Қазақстан жазушылар одағына қарайтын «Қазақ әдебиеті» газетіне белгілі журналист, жазушы Дәурен Қуат бас редактор болып тағайындалса, «Ана тілі» газетіне — журналист, ақын, «Қаламгер-Медиа» орталығының директоры болған Жанарбек Әшімжан келді.

«Қазақ әдебиеті» газеті Қазақстан жазушылар одағының органы ретінде 1934 жылдың қаңтарында жарық көрді. Газет беттерінде қазақ ақын-жазушыларының өлең, жыр, дастандары, әңгіме-очерктері, роман, повестерінен үзінділер, қазақ әдебиетінің өткені мен бүгіні және келешегі жайлы байыпты әдеби-сын мақалалар, дүние жүзі классиктерінің үздік туындыларынан аудармалар жарияланады. «Ана тілі» газетінің алғашқы нөмірі 1990 жылы 22 наурызда жарыққа шықты. «Ана тілі» тек Мемлекеттік тіл ғана емес, ұлтқа қатысты кез келген күрмеулі мәселелерді көтеріп келеді. Қазақтың тілі, қазақтың ауылы, қазақ мектебі, балабақшасы, қазақ жастары, қазақ ғылымы, т.б. көптеген тақырыптар басылым беттерінен түсіп көрген емес.

Дәурен Қуат — 1973 жылы бұрынғы Талдықорған облысы Қапал ауданында дүниеге келген. М. Қашқари атындағы және Ғ. Мүсірепов атындағы сыйлықтардың лауреаты. «Дәстүр» баспасынан «Әлқисса» атты прозалық кітабы жарық көрген. «Abai.kz» ақпараттық порталының негізін қалаған.

Жанарбек Әшімжан 1976 жылы Алматы облысы Кеген ауданында туған. 1999 жылы әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің журналистика факультетін бітірген. 1996-1999 жылдары қалалық «Алматы ақшамы» газетінде тілші, 2000 жылы «Қазақстан» журналында бөлім редакторы қызметтерін атқарған. 2000-2005 жылдары республикалық «Жас Алаш» газетінде бөлім меңгерушісі, 2005 — 2008 жылдары республикалық «Жас қазақ» ұлттық апталығында бас редактордың орынбасары болып қызмет еткен. 2008 жылдан бастап Қазақстан Жазушылар одағына қарасты «Жұлдыз», «Простор», «Сын» журналдары мен «Қазақ әдебиеті» газеттерін біріктірген «Қаламгер-Медиа» орталығының директоры болды.




Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

error: Content is protected !!