28

Шардарада теңдесі жоқ «Триаж» жүйесі іске қосылды

Шардара аудандық ауруханасы елімізде теңдесі жоқ «Триаж» жүйесіне қосылды. Бүгінде бұл жүйеге лайықталып салынған ғимарат толықтай заман талабына сай медициналық құралдармен жабдықталған. Триаж ғимараты республика бойынша бұрын-соңды болмаған бірегей жоба. Шағалалы аймақта денсаулық саласында орын алып отырған жағымды жаңалықтар бұл ғана емес. Айтайын дегеніміз мұнда келер жылдың соңына дейін 150 келушелерді қабылдауға қауқарлы емхана пайдалануға беріледі.

Елімізде 2016-2019 жылдарға арналған денсаулық сақтауды дамытудың» «Денсаулық» мемлекеттік бағдарламасын іске асыру аясында алғашқы медициналық –санитарлық көмек көрсетуді жаңғырту көзделген. Соның бірі Шардарада жүзеге асқан триаж жүйесі. Бұл құрылымның ерекшелігі —  кеңселік емес жүйе. Емделуші аурухананың күту залына не қаралу бөлмесіне келген соң, дәрігерлердің кабинеттерін аралап жүрмейді. Медициналық көмекке зәру, ауырып тұрған емделуші кезекке тұрмайды.

Жүйенің артықшылығы жедел, жоспарлы және дәрігерлік көмекке өзіндік жүгіну сынды «іріктеуді» білдіреді. Мұнда бір пациенттің жағдайын бағалау процесі 60 секундтан аспайды. Бағалау аяқталғаннан кейін емделушілер арнайы түрлі түсті бирка немесе лента түріндегі іріктеу санатының  бір түсімен белгіленеді.

Бірінші топ «жасыл аймақты». Мұнда медициналық көмекті аздап қажет ететін және одан әрі амбулаториялық емделу үшін үйіне жіберілген немесе жоспарлы емдеуге жатқызылатын пациенттер.

Екінші топ (сары  аймақ) – қабылдау бөлімшесіндегі төсекте жатқан шұғыл немесе кезек күттірмейтін көмек көрсетуді қажет етпейтін, сондай-ақ, диагнозын нақытлау мен саралауға қалдырылған пациенттер;

Үшінші  «қызыл аймақ» қабылдау бөлімшесінде шұғыл және кезек күттірмейтін медициналық көмек көрсетуді қажет ететін топ. Міне әлем бойынша енгізілген және тиімді қолданыс үстіндегі жүйе енді елімізде де қарқынды іске асуда.

Шағалалы аймақта соңғы жылдары бірқатар ілгерілеушіліктер орын алуда. Атап айтар болсақ, биыл қалалық емхана жанынан кұны 1 млрд 600 млн теңгені құрайтын 150 келушіге арналған емхана құрылысы басталып 2019жылы ел игілігіне берілмек. Сонымен қатар шалғайда орналасқан елдімекендерге қолжетімді медициналық көмек көрсету мақсатында неміс технологиясымен жасалған 13 модульдік медициналық тіректер халыққа сапалы медициналық қызмет түрін көрсетуде. Ауданның бас дәргерінің айтуынша алдағы уақытта да бұл саланы дамытуда жұмыстар өз жалғасын таппақ.

Елбасы Н.Назарбаев тәуелсіздік жылдары еліміздің денсаулық саласын дамытуға жіті мән беріп келеді. Осыған байланысты ел үкіметі саланы өркендетуге бағытталған бағдарламалар қабылдап, оның жүзеге асуына мемлекет тарапынан қомақты қаражаттар бөлініп келеді. Мұның бәрі өз кезегінде ұлт саулығын жақсартуда септігін тигізіп отырғандығынахалық куә. Яғни, бұрын соңды шетел асып ем алуға мәжбүр қазақстандықтар жергілікті сапалы медициналық қызмет алуға қауқарлы. Біздің облысымызда да халық денсаулығын жақсартуда қарқынды жұмыстар жүргізіліп келеді. Мәселен ағымдағы жылы мамары айының қорытындысымен Түркістан облысында ана мен бала өлім жітімінің көрсеткіші  2 процентке дейін төмендеген. Облысымыздың бас дәрігері Мұқан Егізбаевтың айтуынша Мұндай нәтиже саламатты өмір салтын насихаттай отырып, қоғамдық денсаулықты басқару ісін күшейту мен медициналық мекемелердің соңғы үлгідегі құралдармен жабдықталуының арқасында қол жеткізіліп отыр.

Мемелкет басшысы өзінің «Төртінші өнеркәсіптік революция жағдайында дамудың жаңа мүмкіндіктері» атты Жолдауында «Медициналық кадрлармен қамтамасыз ету және оларды сапалы даярлау маңызды мәселе болып саналады» деп айтып өткен болатын. Облысымызда 2018 жылға «Кадрлармен біліктілігін арттыру  және қайта даярлау» 003 бағдарламасы бойынша 245 622 мың теңге қаралған.  Бүгінде облыстық балалар оңалту орталығы мамандарына «Науқастарға арналған Кинестетикс» тақырыбында , нарколог, психолог, кардиолог, ультра дыбыстық зерттеу дәрігерлеріне Монғол елінің білікті мамандарының қатысуымен мастер-класс өткізіліп бас аяғы үш мыңға жуық маман білімін жоғарылатты. Сондай-ақ шет елдерде 42 маман біліктілігін арттырды. Оның ішінде инсультқа шалдыққан науқастарға сапалы медициналық қызмет көрсету үшін мейіргерлер де оқытылуда.

Ұлжан НАУШАБАЕВА.




Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

error: Content is protected !!