Түркістан облысының Кентау қаласында «Астананың 20 жылдығына — 20 нысан» акциясы шеңберінде төрт нысан ашылды. Мерейлі мереке қарсаңында кеншілер қаласында жаңа жүзу бассейнінің лентасы қиылды. Енді шаһардағы жергілікті тұрғындар мен балғындар су спортымен айналысу үшін алысқа сабылмайтын болды.
Ғимараттың аумағы 1300 шаршы метрді құрайды. Ұзындығы 50 метрлік бассейн 8 жолақтан тұрады. Жүзу алаңына бір мезетте 86 адамның түсуіне мүмкіндік бар. Сондай-ақ, мұнда жасөспірімдерге арналған ұзындығы 20 метрлік кіші бассейн де қарастырылған.
Бұдан бөлек, қалада екі бірдей сүт қабылдау бекеті іске қосылды. Олар «Құсшы Ата» мен «Исмет ата» ауыл шаруашылығы өндірістік кооперативінің модульдік сүт қабылдау бекеттері. Жалпы құны 5 млн теңге болатын сүт бекеттерінің әр қайсысының өнім сыйымдылығы 2000 литрді құрайды. Сүт қабылдау бекеттері сүт сақтауға арналған танкер, арнайы зертхана, тоңазытқыштармен жабдықталған. Аталған ауыл шаруашылығы өндірістік кооперативтерінде бүгінде 77 адам мүшелік етеді.
Осы күні айбарлы мерекеге орай қаладағы Сейфуллин және Яссауи даңғылдарының қиылысында елорданың 20 жылдығына арналған белгі орнатылды. Онда Елбасы Н.Ә.Назарбаевтың Астана жайында айтылған дана сөздері жазылған болса, ортасында айшықты Бас қаланың бәйтерегі бейнеленген.
Нысандардың ашылуына қатысқан қала әкімі Ә.Мақұлбаев ел мерейін асқақтатқан меройтоймен кентаулықтарды құттықтады.
«Астананың туылған күніне орай облысымыздың аудандары мен қалаларында көптеген іс-шаралар өткізіліп, жаңадан түрлі әлеуметтік маңызы зор нысандар ашылып, пайдалануға беріліп жатыр. Сондай нысандардың бірқатары бүгін Кентау қаласында да ашылып отыр. Бұл қаламыздың әлеуметтік-экономикалық ахуалы жыл санап жақсарып келетінін аңғартады. Бұны бірлігі мен тірлігі жарасқан қала тұрғындарының қажырлы еңбегінің арқасы деп білемін»,-деді өз құттықтау сөзінде қала басшысы.
Осылайша кеншілер қаласында айтулы күнге орай бірқатар нысандар ашылып, қала тұрғындары үшін мерекелік тарту болды.