Күні кеше Астананың 20 жылдығына орай, Елордамызда еліміздің түкпір-түкпірінен жиналған өнерлі балалар бас қосты. Атап айтар болсақ, 28 маусым күні «Қазмедиа Орталығында» 400-ге жуық болашақ жұлдыздар бір сахна төрінде өнерлерін паш етті. Оның ішінде Түркістан облысынан 23 бала қатысып, жүлделі орындарға ие болды.
Ата-ананың қамқорлығына мұқтаж балаларға арналған «Бүгіннің баласы – болашақтың данасы» атты алғашқы республикалық шығармашылық фестиваль өз мәресіне жетті. Бұл дүбірлі дода, еліміздің барлық аумақтарындағы балалар үйінде тәрбиеленіп жүрген дарынды жастарды белгілі бір шығармашылық бағытта кәсібилігін жетілдіре алатын бірегей алаңы болып табылады.
Фестивалдің байқаулық бағдарламасы бірнеше номинация бойынша жүргізілді:эстрадалық вокал – патриоттық әндерді орындау, заманауи ұлттық киімдер дизайны, көркем сөз – туған жер туралы шығарманы орындау, халықтық қолөнер – ұлы дала шебері, хореография – қазақтың ұлттық биі. Солардың бірі, эстрадалық вокал бойынша «Нұр Отан» әнімен өз бағын сынаған, Шымкент қаласы №3 балалар үйінің тәрбиеленушісі Ерімбетова Жанель. Ол өз шығармашылығын 2014 жылы бастап, 4 жыл аралығында қала және облыс бойынша бірнеше байқауларға қатысып, биыл республикалық өнер додасында бақ сынап, асығы алшысынан түсті.