Жамбыл облысы Жуалы ауданында алғаш рет қазақтың ұлттық дәстүрлерінің фестивалі өтті.
Шара аясында әдет-ғұрыптар, салт-дәстүрлер көрсетіліп, ұмыт болған қазақы құндылықтар жаңғыртылды. Қымызмұрындық ұйымдастырылып, үздік қымыз өндірушілер өз өнімдерін көпшілікке ұсынды. Сонымен қатар «Мәңгілік ел» саябағының бір бөлігі ашылып, ел игілігіне берілді.
Дәстүрлер фестивалі ерекше ұйымдастырылды. Қазақы киіз үйлер, ұлттық киім киген арулар, түтіні будақтаған қазан-ошақ. Әсіресе, ысқа піскен таба нан мен ыстық бауырсақтың иісі мұрын жарады. Қонақтарға қымыз ұсынып, бата алып жатқан жастар көп. Қариялар мен ардагерлер терме тыңдап, айтыс тамашалады. Ал жастар жағы алтыбақанды төңіректеп жүр.
Салтанат Әжібекова, Бауыржан Момышұлы ауылының тұрғыны:
– Өте керемет көңіл-күйдеміз. Еліміздің елордасы Астана мерекесімен тұспа-тұс келіп жатыр. Оған да қуанып тұрмыз.
Әбілқасым Ергебеков, Жуалы ауданының құрметті азаматы:
– Қазақтың әдет-ғұрпы, салт-дәстүрі жаңғырып жатыр. Осындай демалыс, халқымыздың ұмыт болған салт-дәстүрлерін жаңғырту – біз үшін үлкен қуаныш.
Этноауылдың бірнеше бөлігінде әр түрлі шаралар қатар өтіп жатты. Әр ауыл өзінше тәтті тағамдар әзірледі. Қылқалам шеберлері Жуалының сұлу табиғатын суреттесе, термешілер мен батагөйлер сахнада өнер көрсетті. Фестивальді көруге аймақтың барлық аудандарынан тұрғындар арнайы келген.
Руслан Бақытбекұлы, Twitter @rusput_24kz
– Қымызмұрындық қызып жатыр. Шараға 10 ауданнан жүздеген қымызқұмар тұрғын арнайы келіпті. Қазір Қарасаз бен Ақбастау ауылының жігіттері қымыз ішіп жарысып отыр. Бесті қымызды көп мөлшерде ішу кез келген адамның қолынан келе бермейді. Өйткені бұл – 5 түн сақталып, ашуы әбден жеткен қымыз.
Негізгі әрі ерекше өткен шараның бірі қымызмұрындық болды. Келушілерге түрлі әдіспен дайындалған 14 қымыз өндірушінің 5 түрлі өнімі ұсынылды. Байқау кезінде қымызқұмарлар 1 тонна қымызды тауысты. Ал меймандарға арнап ет асылып, 1 тонна бауырсақ пісірілді.
Бахтияр Көпбосынов, Жуалы ауданының әкімі:
– Судың бағасы қазір қымыздың бағасымен бірдей. Біз қымыздың пайдасын, емдік қасиетін көрсеткіміз келеді.
Шара Бауыржан Момышұлы саябағының жанындағы алаңда қыз қуу, теңге ілу және аударыспақ ойындарымен жалғасты. Сондай-ақ жұрт «Мәңгілік ел» саябағының бір бөлігін ашу салтанатына қатысып, жасанды көлшікке су жіберу рәсіміне қатысты.
Дереккөз: 24.kz.