02

Нұрсұлтан Назарбаев Ұлттық домбыра күніне арналған концертке барды

Мемлекет басшысы елорда тұрғындары мен қонақтары алдында сөйлеген сөзінде барша қазақстандықтарды Ұлттық домбыра күнімен құттықтап, бұл музыкалық аспап қазақ халқының мәдениеті мен тарихында айрықша орын алатынын айтты, деп хабарлады Ақорданың баспасөз қызметі.

– Жақында менің жарлығыммен шілденің бірінші жексенбісі Ұлттық домбыра күні деп жарияланғанын білесіздер. Бүгін бұл мерекені еліміздің барлық өңірі атап өтуде. Домбыра – қазақтың жаны, рухы, тарихы, салт-дәстүрі, бүкіл бітім-болмысы, – деді Қазақстан Президенті.

Елбасы бүгінде домбыра қазақтың бренді болып саналатынын атап өтті.

– «Рухани жаңғыру» бағдарламасы арқылы ұлттық мәдениетімізді әлемге танытуға домбыра ерекше үлес қосады. Құрманғазы мен Дәулеткерейдің, Тәттімбет пен Сүгірдің, Қазанғап пен Динаның күйлері – төл мәдениетіміздің бірегей үлгілері, – деді Нұрсұлтан Назарбаев.

Мемлекет басшысы домбыра мен күйдің ЮНЕСКО шешімімен адамзаттың материалдық емес мәдени мұраларының тізіміне енгенін айтты.

– Біздің мәдени құндылықтарымыз бен дәстүріміз қос ішектің үні мен күмбірлеген күй арқылы ұрпақтан-ұрпаққа беріледі. Ұлттық домбыра күнінің Астанада – тәуелсіз Қазақстанның жүрегінде дүниеге келуінің символдық мәні бар, – деді Нұрсұлтан Назарбаев.

Соңында Мемлекет басшысы Ұлттық домбыра күні өскелең ұрпақтың қасиетті домбыраға, ұлттық өнерге деген құлшынысын арттыра түсетініне сенім білдірді.

«Қазақ елі» алаңында өткен іс-шара барысында дирижер Айтқали Жайымовтың жетекшілігімен 2 мыңнан астам өнерпаз бір оркестр ретінде домбырамен қазақтың белгілі күйлерін орындады.

Концерттен кейін Қазақстан Президенті қолданбалы өнер туындыларының көрмесін аралап көрді.




Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

error: Content is protected !!