КВН ойынының жаңа форматтағы «Еуразия кубогы» 4 шілдеде «Барыс Арена» мұзайдыны сарайында өтеді, деп хабарлайды Астана әкімдігінің ресми сайты.
Фестивальге КВН жоғары лигасына қатысушы 8 команда өнер көрсетеді деп күтілуде. Олардың арасында Қазақстанның намысын биыл КВН ойындарының премьер лигасында қорғайтын «Сборная Коргалжино» командасы да бар. Кеш жүргізушісі – кіші Александр Масляков.
Әзіл кешінде КВН-ның Жоғары лиганың чемпионы – «РУДН», Жоғары лиганың 2014 жылғы жеңімпаздары – түмендік «Союз», Жоғары лиганың финалистері – «Борцы», «Раисы», «Плюшки» және «Русская дорога» сияқтыүздік командалар бәсекеге түседі. Шара барысында Жоғары лиганың өткен жылғы жеңімпазы «Спарта Номад» командасы Астананың намысын қорғайды.
«Еуразия кубогында» әрбір команда сахнаға екі мәрте шығады. Әзілкештер «Сәлемдесу» мен команда көшбасшыларының әзіл-қалжыңдарынан, музыкалық номерлер мен жаттығудан тұратын «Триатлон» сайыстарында өнерлерін ортаға салады.
Фестиваль жеңімпаздарын КВН ойындарының тұрақты төрешісі Юлий Гусман жетекшілік ететін білікті қазылар алқасы анықтайды. Төрешілер құрамына сондай-ақ, ресейлік мәнерлеп сырғанаушы, КВН-да қазылар алқасында жиі болатын Алексей Ягудин, «Казахи» КВН командасының капитаны — Нұрлан Қоянбаев және басқа да белгілі мәдениет қайраткерлері енді.
Күлкі фестивалін тамашалаймын деушілер билеттерді www.topticket.kz. сайтында сатып ала алады.