Бауырлас елдер Қазақстан мен Өзбекстан достастығын қаламына қару еткен қаламгер Қалдыбек Сейданов «Айғақ» телеарнасының шаңырағында қонақта болды. «Тұран» ғылымдар академиясының академигі, профессор Сейданов Қазақстандағы Өзбекстан жылы аясында арнамыздың түсірілім тобымен «Елбасы жолы» атты жобаның түсіріліміне қатыспақ. Осы мақсатта арнайы Ташкенттен келген қаламгер қандасымыз ең алдымен «Айғақ» арнасының шығармашылық ұжымымен танысып, ақ батасын берді. «Ақпарат майданында иықтаса, шайқасып жүрген жауынгерлерім»-, деп іштарта сөйлеген жазушы қызығы мен қиындығы мол кәсіптеріңізде шығармашылық өрлеу тіледі. Мұнан соң арна журналистері Қалдыбек Сейдановпен естелік суретке түсті. Шымкент уақытысымен сағат күндізгі 11:00 де екі автокөлікпен арна басшысы және жоба жетекшісі Дулат Әбіш бастаған шығармашылық топ Батыс Қытай -Батыс Еуропа автодәлізі жобасының түсірілімімен Алматыға жол жүріп кетті.
Президент Н.Назарбаевтың «Ұлы Жібек жолын бес ғасырдан соң қайта жаңғырту туралы» ұсынысынан соң күре тамырына қан жүгірген Батыс пен Шығысты жалғаған трансшекаралық дәліз бүгінгі таңда халық арасында «Елбасы жолы» деп те аталып кеткен. Астананың 20 жылдығы қарсаңында дайындалған бағдарламаны алдағы уақытта «Айғақ» арнасынан тамашалайтын боласыздар!
Айдана Тасбекова.
Алмас Нұрлан, фототілші