Елдің ертеңгі іргесі берік болуы үшін бүгінгі жастардың сапалы білім алып, білікті мамандар қатарын толықтыруы қажет. Сондықтан, ел билігі білім саласына ерекше назар аударып отыр. Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты бағдарламалық мақаласында белгілеп берген 6 бағытының бірі – білімнің салтанат құруы.
Бүгінде елімізде сапалы маман дайындайтын жоғары оқу орындарының қатары көп. Заман талабына сай медицина мамандарын даярлайтын жоғары оқу орындарының бірі де бірегейі – Оңтүстік Қазақстан Медициналық академиясы. Осы ретте, оқу орнының бүгінгі таңдағы жұмыстары мен болашақтағы жоспарларын білу мақсатында академия басшысы, медицина ғылымдарының докторы, профессоры Мырзабек Мырзашұлы Рысбековпен сұхбаттасқан болатынбыз.