Ағымдағы жылдың 19 – 20 маусымы күні Шымкент қаласындағы Динамо және Марс спорт кешендерінде Қазақстан Республикасы Президенті Н.Ә.Назарбаевтың Қазақстан халқына Жолдауы мен «Болашаққа бағдар: Рухани жаңғыру» атты бағдарламалық мақаласын жүзеге асыру арқылы халықты салауатты өмір салтына баулуға және «Қазақстан полициясының 26 жылдығы» мерекесіне бағытталған спартакиада болып өтті. Спорттық жарыстарға Оңтүстік Қазақстан облыстық ІІД –нің жеке құрамы, сондай –ақ қалалық, аудандық Ішкі істер басқарма, бөлімдерінің 200–ден астам қызметкерлері қатысты.
Спорттық жарыстың ашылу салтанаты кезеңінде сөз алған Ішкі істер департаменті бастығының орынбасары полиция полковнигі С.Ж.Абдуллаев «Ішкі істер органдары – қоғамдағы құқықтық тәртіптің, азаматтардың қауіпсіздігін қамтамасыз ететін маңызды құрылымдардың бірі. Сақшылардың кәсіби қызметі зор жауапкершілігімен, тәуекелге бел бууымен ерекше құнды. Қазақстан дербес мемлекет болып, тәуелсіздігін жариялаған сәттен бастап оның тыныштығын қорғауға берік ден қойылып келеді. Осынау қырағы мамандықты таңдаған азаматтар да елінің алдындағы борышын сезінетіні сөзсіз. Заң бектіліген күн, яғни 23 маусым жылда Қазақстан полициясы күні ретінде аталып өтіледі. Ризашылық пен құрметтің нышаны ретінде ҚР Ішкі істер органдарының қызметкерлерін Қазақстан полициясы күнімен шын жүректен құттықтаймын. Өз қызметтік міндетін атқаруға адалдық танытып, қоғамдық тәртіпті қамтамасыз ететін, халық арасында сақтық жұмысын жүргізетін, азаматтардың тыныштығын, заңдылық пен құқықтық тәртібін қорғайтын білікті полицейлердің қатары көбейе берсін. Еліміздің қорғандары – полиция қызметкерлерінің еңбектеріне табыс, қызметтеріне сәттілік пен абырой тілеймін. Қазақстан Республикасының өркендеуі жолында етіп жатқан еңбектерініңіз табысты болғай» — деп атап өтті. Сондай-ақ өзінің кәсіби біліктілігімен қатар спортты жанына серік еткен полицей – өз кәсібінің алғыр маманы екенін, сондықтан әрбір полицей спортпен тұрақты түрде шұғылдануы керектігін баса айтты. Жарысқа қатысушыларға тек жеңіс тіледі.
Қазақстан полициясының айтулы мерекесі қарсаңында өткізілген жарыста қатысушылар спорттың волейбол, арқан тарту, шағын футбол, жеңіл атлетика, қол күресі, турникке тартылу, кір тасын көтеру және жауынгерлік атыс қаруынан оқ ату түрлерінен сынға түсті.
Жарыс барысында қатысушылар өздерінің бар күш – қайратын салып, бәсекелестерін басып озуға тырысты. Әсіресе кір тасын көтеру, арқан тарту, қол күресі спортынан сынға түскен ер азаматтар намысты қолдан бермеуге тырысып, ойын өте тартысты болды. Ал жеңіл атлетика, волейбол және жауынгерлік атыс қаруынан оқ атудан нәзік жанды полицейлер өз спорттық шеберліктерін көрсетті.
Екі тәулік бойы жалғасқан спартакиада төрешілердің әділ шешімімен қорытындыланып, жалпы командалық есепте ОҚО ІІД Шымкент ҚІІБ Еңбекші ПБ– нің командасы І- орынды иемденді. Екінші орынды ОҚО ІІД Жергілікті полиция қызметінің өкілдері жеңіп алды, ал үшінші орынға ОҚО ІІД аппараты лайық деп табылды.
Айтып өтейік, спорт – полицейлердің айнымас серігі болғандықтан, спорттық жарыстарды үнемі ұйымдастырып отыру ОҚО ІІД-нің дәстүріне айналған.