Астанада Қазақстан мен Өзбекстанның авиациялық билік органдарының ресми келіссөздері өтті, деп хабарлады ҚР ИДМ баспасөз қызметінен. ҚР ИДМ Азаматтық авиация комитетінің төрағасы Талғат Ластаев Өзбекстан Республикасының Ұшу қауіпсіздігін қадағалау мемлекеттік инспекциясы бастығының орынбасары Олег Лим бастаған өзбек елінің делегациясымен кездесті.
Келіссөздер қорытындысы бойынша әр тарап үшін Астана-Ташкент бағытындағы рейстер санын аптасына 4-тен 6-ға дейін және Алматы-Ташкент бағытында аптасына 7-ден 10 рейске дейін арттыру туралы уағдаластыққа қол жеткізілді. Бұл келісім екі елдің бекітілген әуе компанияларына аптасына 32 рейсті орындауға мүмкіндік береді.
Сондай-ақ, бекітілген әуе компаниялар арасында өзара тиімді шарттармен «шер-код» коммерциялық келісімге қол қоюға уағдаласты.
Кездесуде қол жеткізілген келісімдер туризм мен сауда-экономикалық байланыстарды дамытуға ықпал етеді және екі ел арасындағы ынтымақтастық деңгейін арттырады.
ҚазТАГ