Құрметті оңтүстікқазақстандықтар!
Сіздерді мұсылмандардың қасиетті Ораза айт мерекесімен шын жүректен құттықтаймын! Рамазан айы — Жаратқан Иемізге құлшылық жасау, сабыр, өзара мейірім мен қайырымдылық арқылы рухани тазару айы.
Осынау қасиетті айдың аяқталуына орай аталып өтілетін айт мерекесі халқымыз үшін діни ғұрып ғана емес, ұлттық дәстүрімізбен біте қайнасып кеткен ұлық мейрам. Ораза айты ұлттар мен ұлыстарды ынтымаққа ұйыстырады. Иманды күшейтіп, кеңпейіл, бауырмал, қонақжай халқымызды жақсылыққа, қайырлы іс жасауға жетелейді. Рамазан айында қаншама игі істер атқардыңыздар, Жаратқаннан жұртымыздың амандығын тіледіңіздер. Маңымызға мейіріммен қарап, қол қайырды көбірек жасап, ауру-сырқау, жетім-жесірлердің көңілін сұрадыңыздар. Осы ниеттердің бәрі қабыл болсын.
Қымбатты жерлестер!
Ораза айт – отандастарды бірлік пен татулыққа біріктіретін, жүрегімізді мейірім мен жасампаздыққа жетелейтін ұлық мейрам! Баршаларыңызға дүниедегі барлық ізгі жақсылықтар мен игі қуаныштарды тілеймін. Алла Тағала барлықтарыңыздың амалдарыңызды қабыл етсін. Осы мерекеге орай барша оңтүстікқазақстандықтарға зор денсаулық пен бақ-береке, отбасыларыңызға амандық тілеймін! Ораза айт құтты болсын!
Құрметпен, Оңтүстік Қазақстан облысының әкімі Жансейіт Түймебаев