ҚазАқпарат — 12-14 шілдеде Қазақстанның киелі жері — Ұлытауда «Жез киік» І Халықаралық фестивалі өтеді, деп хабарлайды Қарағанды облысы әкімдігінің ресми сайты.
Алдағы ауқымды мәдени форумның бағдарламасы туралы толығырақ Қарағанды облысының Мәдениет, мұрағаттар және құжаттар басқармасының жетекшісі Еркебұлан Ағымбаев Аймақтық телекоммуникациялар қызметінде өткен брифинг барысында айтып берді.
— «Жез киік» І Халықаралық фольклорлық ұжымдар фестивалі «Рухани жаңғыру» бағдарламасы бойынша ұйымдастырылған. Бүгінде бағдарламаның тұжырымдамасы мен бағдарламасы жасақталды. 13 шілдеде «Ұлытау» этно-рок-тобының жеке концерті өтеді, — деп мәлім етті Еркебұлан Ағымбаев.
— Фестивальге Мексика, Перу, Польша, Ресей, Түркия, Тәжікстан, Франция, Шотландия, Жапонияның 11 кәсіби ұжымдары, сондай-ақ Қазақстаннан екі ұжым: «Арқа сазы» фольклорлық ансамблі (Қарағанды) және «Қобыз сарыны» қобызшылар ансамблі (Талдықорған) қатысады. Ұлытау ауданының Болатсай мекенінде этноауыл құрылады. Онда 18 киіз үй, сахна, ойын алаңдары, алтыбақан, сауда шатырлары, қолөнер шеберлеріне арналған дүңгіршектер, шағын сәулет мүсіндері орнатылады.
Бірінші күні концерт финалында барлық қатысушылар мен қонақтар «Қара жорға» биін билейді. Фестивальдің мақсаты — Ұлытау ауданында туризмді дамыту, сондай-ақ фольклорлық өнерді алға жылжыту. Шара шеңберінде сонымен қатар туристік агенттіктер форумы өтеді.
14 шілдеде фестиваль Жезқазған қаласындағы Кеңгір су қоймасының жағалауында жалғасатын болады.
— Жезқазғанда фестивальға қатысушылардың шеруі және классикалық музыка кеші өтеді. Оған 21 әнші қатысады. Классикалық музыка кешін атақты әнші Бибігүл Төлегенова ашады, — деді баяндамашы.
Көрермендер алдында өзінің өнерлерін түрлі елдерден келген классикалық музыка шеберлері көрсетеді: Шенол және Гюльчохра Талынлы (Түркия), Анна Риан (Австрия), Марко Боэни (Италия), Асмик Леолян (Армения), Жеңісбек Пиязов (Өзбекстан), Игорь Подгорну (Молдавия), Владимир Мороз (Ресей), Ильхам Назаров (Әзербайжан), Айман Мұсақожаева және Нұржамал Үсенбаева (Қазақстан) және тағы басқалары.
Фестиваль фольклорлық және классикалық музыка гала-концертімен аяқталады. Соңында мерекелік отшашу болады.