Бұл екінші экономиканы құруға, халықтың әлеуметтік ахуалы мен инфрақұрылымдық проблемаларды шешуге мүмкіндік береді, деп атап өтті Президент.
Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаев шетелдік инвесторлар кеңесінің 31-ші пленарлық отырысына қатысушыларға Қазақстанның бастан өткерген қиындықтарын айтып берді, деп хабарлайды bnews.kz.
«Тәуелсіздік алғанымызға 26 жыл ғана болғанын білесіздер. Қазақстан картада да болмаған еді. Осы жылдары көптеген қиындықтарды бастан кештік. Бүгінде біз ғаламдық өзгерістер мен қиыншылықтардың куәгеріміз. Соғыс, терроризм, экстремизм және мемлекеттер арасындағы санкциялық қарама-қайшылық болып жатқанда, өкінішке қарай, ұлы державалар арасында әлемді бейбіт жағдайда ұстап тұра алатын келісім жоқ. Осы қиындықтың бәрін жеңіп шығуға тиіспіз, олардың Қазақстанды да жанап өтетіні сөзсіз», — деді Мемлекет басшысы.
Ол осы қиындықтарды жеңіп шығу үшін бір жыл бұрын еліміздің үшінші жаңғыруы міндетін қойғанын, ол үшін қажетті негіздердің барлығы жасалып отырғанын атап өтті.
«Макроэкономкалық тұрақтылық қамтамасыз етіліп, бизнес жақсарғаны туралы Ұлттық экономика министрі де атап өтті. Еліміздің халықаралық резервтері 90 млрд долларға жетті, бұл екінші экономиканы құруға, халықтың әлеуметтік ахуалы мен инфрақұрылымдық проблемаларды шешуге мүмкіндік береді. Дүниежүзілік банктің Doing business рейтингісінде соңғы 10 жылда Қазақстан 64-орыннан 36-орынға дейін көтерілді», — деді ҚР Президенті.
Назарбаев осындай табыстың арқасында Астана бойы көтергенін айтты.
«Қонақтарымыз бұл қаланы көргенде таңдай қағады. Ал қазақстандықтар Астанамен мақтанады. Бұл қала біздің көз алдымызда кең далада, бос жерде бой көтеріп, етегін кеңге жайды. Биыл миллион тұрғыны бар тамаша қала 20 жылдығын атап өтеді», — деді Назарбаев.
Естеріңізге сала кетейік, Нұрсұлтан Назарбаев алғысөзінде шетелдік инвесторлар кеңесінің 31-ші отырысына келген инвесторларға алғыс айтты.
«Бұл кеңес – ел экономикасындағы ең өзекті мәселелерді талқылауға арналған алаң. Кеңес мүшелері әлемдегі алпауыт компаниялар жұмысымызға, бизнес климатқа, жалпы экономикамызды дамытуға үлесін қосып келеді. Серіктестеріміздің бәріне алғысымды білдіремін», — деді ол.