«Атамекен» ҰКП арнайы талдау жүргізіп, колледж түлектерінің жұмысқа тұру деңгейін анықтады, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
«Бүгінде республика бойынша 100 млрд теңгеден астам қаржы колледждерге жұмсалады. Бізде 800-ден артық колледж бар. Алайда ол жерде оқыған жастардың жартысынан көбі жұмысқа тұра алмай жатады. Ал, статистика бойынша басқа мәлімет беріледі. Бірақ біздің талдауымызға сәйкес, колледж түлектерінің басым бөлігі жұмыссыз жүреді. Былайша айтқанда, кәсіби-техникалық білім беру ошақтары сұранысы жоқ мамандарды даярлайды», — деді «Атамекен» Ұлттық кәсіпкерлер палатасының басқарма төрағасы Абылай Мырзахметов ҚазАқпарат тілшісіне берген сұхбатында.
Оның айтуынша, «Атамекен» ҰКП арнайы талдау жұмыстарын өткізді. Жақын арада палата мүшелері Премьер-Министрмен кездесіп, барлық мәселелерді талқылауды жоспарлап отыр. Сұранысы бар маман даярлау жолдарын да ұсынбақшы. «Колледжде ондай мамандарды даярлау үшін не істеу керек? Жаңағы 100 млрд теңгенің мемлекеттік тапсырысын таратқанда түлектердің жұмысқа тұру көрсеткішін басты назарға алу қажет. Арнайы рейтинг болады. Егер дәл осы көрсеткішпен бағаласақ, колледждердің өздері сұранысы бар маман даярлауға тырысады. Әйтпесе, қазір олар ақшаны алады да, өзіне жүктелген оқыту шараларын атқара салады. Сонымен тәмам. Мәселен, біз Оңтүстік Қазақстан облысында зерттеу жүргіздік. Олар жастардың жұмысқа тұру деңгейі 70 процент деп отыр. Алайда жас маман үш айдай жұмыс істейді де, шығып кетеді. Сонда үш айды ғана алып отыр. Біз болсақ, екі жылдық мерзімді алдық. Тексеріс бойынша жастардың 30 проценті, кейбір аудандарда 10-ақ проценті ғана тұрақты жұмысқа тұрды. Қалғаны диплом болса да, жұмыссыз жүр. Біз бұның барлығын Үкімет басшысына жеткіземіз», — деп атап көрсетті А.Мырзахметов.
Палата басшысының сөзіне қарағанда, рейтингтің арқасында ата-аналар өз балаларын жұмысқа тұрғызу көрсеткіші жоғары колледждерге жібере алады. Ал білім және ғылым министрлігі бюджет қаражатын тиімді жұмсайды.
Айта кетейік, бүгін Астанада ҚР Президенті жанындағы Шетелдік инвесторлар кеңесінің 31-ші пленарлық отырысы өтті. Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев келесі отырыстың тақырыбын адам капиталын дамыту мәселесіне арнауды ұсынды. Себебі шетелдік инвесторлардың өздері аталған проблеманы көтеріп отыр. «Біріншіден, адам капиталын әлі де жақсарту қажет. Әсіресе, қазіргі озық технологияларды ескере отырып, маман даярлау мәселесіне баса назар аударған жөн. Себебі сапалы жұмыс күші әлі де жетіспей жатыр. Ондай проблемаға шетелдік инвесторлар ғана емес, жергілікті компаниялар да тап болуда. Дәл осы мәселе бизнесті дамытуға қолбайлау болып отыр. Екіншіден, жаңа Экологиялық кодексті бірлесіп әзірлеу керек. Бүгінде Қазақстан қоршаған ортаны қорғау мәселесіне ерекше көңіл бөліп келеді. Алайда нормативтік актілерді әзірлегенде қазақстандық өндірістің жаһандық бәсекелестігін де ескеру керек. Соның нәтижесінде экономикалық өсім де болады. Біздіңше, айыппұлдарды салған кезде нақты дәлелдер болуы қажет. Сосын экономикалық залалды жанама бағалауды алып тастаған дұрыс», — дейді «Шетелдік инвесторлардың қазақстандық кеңесі» қауымдастығының басшысы Агрис Прейманис.