Бүгін Шымкентте миллионыншы тұрғынға пәтер кілті табысталды. Аймақ басшысы Жансейіт Түймебаев пен қала әкімі Нұрлан Сауранбаев 1 миллионыншы тұрғыны дүниеге келген Еламановтар отбасын арнайы құттықтап, екі бөлмелі баспананы сыйға тартты.
Қаланың миллионыншы тұрғыны атанған Еламанова Айсұлу жас отбасының тұңғыш перзенті. Осы уақытқа дейін сәбидің ата-анасы сегіз адаммен бірге бір пәтерде тұрып келген. Енді облыс әкімі бүгінгі қуаныш иелеріне екі бөлмелі пәтердің кілтін табыстап, өз ыстық лебізін білдірді.
Отау құрғандарына бір жылдың жүзі болған жас отбасыда қос қуаныш. Яғни, тұңғыш сәбилері дүниеге келсе, енді бірі өмір сүруге қолайлы баспаналы болып отыр. Нәрестенің ата-анасы осындай тарихи сәт өз отбасыларына бұйырғанына қуанышты екендігін жеткізіп, ел дамуына өзіндік үлесін қосатын азаматша етіп тәрбиелеуге бар күш жігерлерін жұмсамақ.
Елбасы бүкіл дүниежүзінің қайраткерлері қатысқан экономикалық форумда Шымкент қаласын миллионды қала деп жариялады. Ал, Шымкенттіктер республикалық статус иелену бастамасын өте қызу қарқынмен қолдауда.
Қаланың миллионыншы тұрғыны Қасиетті ораза айның алғашқы күнінде дүниеге келген.Шымкенттіктердің атынан осы айтулы оқиғамен құттықтаған облыс әкімі Жансейіт Қансейітұлы нәрсетенің маңдайынан сүйіп,өз батасын берді. Ал, Айсұлудың ата-анасы Самат Еламанов пен Айжан Ахайбекова көрсетілген құрмет пен сый-сияпат үшін облыс әкімдігіне ризашылығын білдірді.