Бүгін «1 маусым — Халықаралық балаларды қорғау күні» мейрамын бүкіл әлем атап өтіп жатыр. Өз кезегінде Отырар ауданы да мерейлі мерекені сән-салтанатымен тойлады.
Бұл мейрамның негізгі мақсаты қоғамның назарын балаларға аудару. Балаларды қорғау күні әртүрлі мерекелік шаралар ұйымдастырылады. Бұл атаулы мейрамды атап өту жөніндегі шешім 1949 жылдың қараша айында Халықаралық демократиялық әйелдер федерациясының арнайы сессиясында қабылданған. Алғашқы халықаралық балаларды қорғау күні 1950 жылы өткізіліпті. БҰҰ аталған бастаманы дер кезінде қолдап, балалардың өмірін, құқығын, денсаулығын қорғауды өз қызметінің басты бағыттарының біріне айналдырды. Халықаралық балалар күні мерекесінің туы да бар. Осылайша, Балаларды қорғау күні мереке ғана емес, сонымен қатар, болашаққа бағдар жасайтын маңызды шараның бірі. Адамзаттың алдында тұрған зор міндет — болашақ ұрпақтың бақытты өмірін қалыптастыру болып табылады.
Мерекелік шарада сөз алған аудан басшысы Ерлан Айтаханов «Келешек ұрпақтарды тәрбиелеу, балалардың болашағы Елбасымыз Нұрсұлтан Назарбаевтың дәстүрлі Жолдауларында орын алып, әрқашан көтеріліп келеді. Ұлт Көшбасшысы өзінің Жолдауында «Балаларымыздың болашағы -мемлекеттің болашағы» деген сөзін айта келе, баланың қуанғанынан артық әлемде бақыт жоқ екендігін жеткізді.
Шара барысында жомарттық танытып, демеушілік көрсеткен аудандық мәслихат депутаттары, үкіметтік емес ұйым және зиялы қауым өкілдері бүлдіршіндерді төл мерекелерімен құттықтап, өздерінің шынайы лебіздерін білдірді.
Аудан әкімі Ерлан Қуанышұлы, аудандық мәслихат хатшысы Мырзахан Манапов бастаған депутаттық корпус мүмкіндігі шектеулі бүлдіршіндерге заттай сыйлықтар үлестіріп, оларды шексіз қуанышқа бөледі.
Балғындардың кіршіксіз көңілдеріне қуаныш сыйлаған шараның жалғасы концерттік бағдарламаға ұласып, «Ертегілер әлемі» атты койылым қойылды. Әрмен қарай мерекелік дастархан жайылып, мереке иелеріне тәттілар таратылды. Іс-шараның соңында ауданның ел ағалары игі шараны ұйымдастырушыларға алғыстарын білдірді.