«Байқоңыр» ғарыш айлағынан бой көтеретін «Бәйтерек» ғарыштық зымыран кешені 2022 жылдан кейін жаңа үлгіде басқарылатын аэроғарыш кемелерін ұшыра алады.
Мәселен, экипаж мүшелеріне арналған борт бұрынғыдай үш емес, алты орындық болуы мүмкін. Бұл туралы бүгін «KADEX-2018» халықаралық көрмесі шеңберінде өтіп жатқан «Қазғарыштың 25 жылдығы» форумында «Бәйтерек» Қазақстан — Ресей бірлескен кәсіпорнының жобалық кеңсе директоры Олег Балицкий хабарлады. Оның айтуынша, осы арқылы Қазақстан заманауи тасығыш-зымыран ұшыратын жеке кешені бар 13 елдің қатарына қосылады.
Еске салайық, кешеннен ұшырылатын алғашқы ғарыштық құрылғы «Союз-5» жаңа тасығыш-зымыраны болмақ. Айта кетейік, қазақстандық тарап бұрынғы «Зенит» кешенін жаңғыртуға 314 млн АҚШ долларын бөлген болса, ресейлік тараптың тасығыш-зымыран құрастыруға жұмсаған қаражаты 0,5 млрд АҚШ долларына тең.
Олег Балицкий, «Бәйтерек» Қазақстан — Ресей бірлескен кәсіпорны» АҚ жобалық кеңсесінің директоры:
– Жердегі ғарыштық инфрақұрылым бірінші кезекте техникалық кешеннен тұрады. Яғни монтаждық-сынау корпусында зымыран құрастырылып, тексеріліп, ұшыруға әзірленеді. Сонымен қатар іске қосу кешені әкелінеді. Дайын ракета тұғырға орнатылып ұшырылады. Қауіпсіздік жұмыстарына, логистикаға, коммуникацияға қазақстандық тарап өз жауапкершілігіне алады. Ал зымырандар тек ресейлік тарапқа тиесілі. Алдағы уақытта персонал құрамын 500 адамға дейін ұлғайту көзделіп отыр. Және оның 90 пайызын қазақстандық мамандар құрайды деген ойдамыз.
Дереккөз: 24.kz.