8

Ақышев: Қазақстан орнықты экономикалық өсу бағытына шығып келеді

Ұлттық банк басшысы Данияр Ақышев Қазақстан экономикасының орнықты экономикалық өсудің бағытында екендігін атап өтті. Үрдістерді күшейту үшін макроэкономикалық тұрақтылықты және ақша-кредит және бюджет-салық саясатының болжамдылығын сақтау, шетелдік капитал үшін инвестициялық климатты одан әрі жақсарту, сондай-ақ экономиканы әртараптандыру Ұлттық банк пен Үкімет үшін басымдық болып қалады.

«Ұлттық Банктің табысты жұмысының маңызды талабы инфляцияның төмен деңгейі, сондай-ақ тұрақты жұмыс істейтін қаржы жүйесі болып табылады. Ұлттық Банктің негізгі мақсаты ретінде баға тұрақтылығын қамтамасыз етуді біз белгіленген бағдарларға сәйкес жүзеге асырамыз. Ағымдағы жылы олар 5-7% дәлізде айқындалған. 2020 жылдың соңына дейін біздің мақсатымыз – 4%-дан төмен», – деді ол.

Қазақстан Ұлттық банкінің басшысы халықаралық тәжірибеге сәйкес инфляциялық таргеттеу және теңгенің еркін өзгермелі айырбастау бағамы ақша-кредит саясатының барынша қолайлы режимі болып табылады деп атап өтті.

«Егер осы режим кезіндегі біздің тәжірибені қарасақ, 2 жылдан аз ішінде инфляцияның деңгейін 2016 жылғы шілдедегі 17,7%-дық ең жоғары мәннен 2018 жылғы сәуірде 6,5%-ға дейін шамамен 3 есе төмендете алдық. Халық пен бизнестің инфляциялық күтулері бірталай төмендеді және төмендеуін жалғастыруда. Еркін өзгермелі айырбастау бағамының арқасында теңге құнының іргелі факторларға сәйкес келуі қамтамасыз етілді. Теңгенің объективті құнын қалыптастыратын ақша нарығы тұрақтанды. Ақша құнын реттеу үшін акша-кредит саясаты құралдарының толыққанды жиынтығы жасалды, онда маңызды рөлді Ұлттық банктің қысқа мерзімді ноттары атқарады», – деді Д. Ақышев кездесудің қатысушыларына.

Қазақстан Ұлттық банкі басшысының айтуынша, Қазақстанның ақша нарығының перспективасы бейрезиденттердің Ұлттық банктің қысқа мерзімді ноттарына қатысуының өсуімен де айқындалады. «Соңғы жылы олардың үлесі айналыстағы барлық ноттардан шамамен нөлден 10%-ға дейін өсті. Мемлекеттік бағалы қағаздарды Clearstream тетігі арқылы сатып алу бойынша жобаны енгізу арқасында бұл үрдіс, менің пікірім бойынша, жалғасуын табады. Лондонда 27 маусымда осы жобамен таныстыру өтетінін атап өткім келеді. Мен Сіздерді оған қатысуға шақырамын», – деп түйіндеді Д. Ақышев.




Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

error: Content is protected !!