Биыл екі Көші-қон ХҚКО жұмысын бастайды. Пилоттық жоба Астанада іске қосылуда.
ҚР Ақпарат және коммуникациялар министрі Дәурен Абаев ведомство тарапынан тұрғындарға мемлекеттік қызмет көрсету бойынша қандай жұмыстар атқарылғаны туралы айтты, деп хабарлайды bnews.kz.
«Жыл соңына дейін Цифрлық халыққа қызмет көрсету орталықтарын республиканың әр облыс орталығында ашу жоспарланып отыр. Бұл ХҚКО-ның жұмысы толығымен автоматтандырылып, яғни қызметтерді оператордың көмегінсіз алуға болады», — деді халыққа есеп беру кездесуінде ҚР Ақпарат және коммуникациялар министрі Дәурен Абаев.
Одан бөлек, министр атап өткендей ағымдағы жылдың соңына дейін екі Көші-қон ХҚКО-лары ашылады. Алғашқы мұндай ХҚКО Астанада жыл басында ашылған еді. Оның ашылуына дейін резидент емес тұлғалар алты мекемеге дейін барып, әрқайсында жеке кезекке туруға мәжбүр болатын. Бүгінде бұл қызметтердің барлығы бір жерде «бір терезе» қағидаты бойынша беріледі. Мұндай жобалар тәжірибесі болашақта молаяды», — деп атап өтті Дәурен Абаев.
Сөз соңында министр жоғарыда айтылған жоспарлардың жүзеге асуы халыққа көрсетілетін қызметтердің сапасы мен қолжетімділік деңгейін көтеруге мүмкіндік беретінін айтты.
Еске сала кетейік, аталған халыққа есеп беру кездесуінде ҚР Ақпарат және коммуникациялар министрі Дәурен Абаев 2021 жылға дейін Қазақстанның 1249 ауылдық елді мекені жоғарыжылдамдықты интернет желісімен қамтылатынын айтты.