Оңтүстікке белгілі кәсіпкер, «Тау самалы» демалыс аймағының құрылтайшысы Әлішер Толыбаев мезгілсіз өмірден озды. 60 жасқа қараған шағында дүние салған кәсіпкер азамат, ОҚО Сарыағаш ауданы, Абай кеңшарына қарасты Ошақты ауылында 1958 жылдың 30-шы қыркүйегінде дүниеге келген. Біліктілігі мен іскерлігінің арқасында өзіне жүктелген талай жауапты міндеттерді жоғары дәрежеде атқара білген Әлішер Ниматуллаұлын қала жұртшылығы бүгін қимастықпен ақтық сапарға шығарып салды.
Кәсіпкер азамат, Әлішер Толыбаев несімен есте қалды немесе өзгенің көңілін өзіне қалай аударды деген орынды сан алуан сұрақтар туады. Алдымен, ол әдебиетке, өнерге бір табан жақындығымен ерекшеленеді. Жалақылары аз өнер адамдары мен жазу –сызудың айналасында жүрген дарындыдарды қолдап қуаттап, қолынан келген жәрдемін беріп жүрген екен. Ал, марқұмның екінші бір қасиеті өз ісін, кәсібін жете меңгергендігімен көзге түскен жан еді. Ол, 1981 жылы Ару Алматы қаласындағы Сәулет және құрлыс институтын тәмәмдап, инженер құрылысшы мамандығын алған.
Еңбек жолын туған жерде «Шымкентсельхозстроймонтаж» тресінің №3-ші жылжымалы колоннасында қарапайым слесарь-сентехник болып бастап, тап сол жерде адал еңбегімен, шебер, цех, бастығы, прораб, бөлімше бастығы, өндірісті жоспарлау бөлімінің бастығы және осы мехколоннаның басшысы дәрежесіне дейінгі қызмет баспалдақтарымен үлкен абыройымен өткен.
Елімізде жаппай жекешелендіру басталған тұста тәжірбиелі маман, марқұм Әлішер Толыбаев 1997-1998 жылдары «КДСМ» жабық акционерлік қоғамының президенті, ал 1998 жылдан күні бүгінге дейін «Қанат» ЖШС-нің директоры болып, қызмет еткен азамат. Әлішер Толыбаев өз өмірінің әдемі суретшісі бола білді.
Осы орайда атпал азаматтың мезгілсіз қазасына байланысты Шымкент қаласындағы Ордабасы мешітінде өткен қаралы жиынға жиналған қауым бұл күні жұлдыздай ағып өткен азаматымызды қимастықпен ақтық сапарға шығарып салды.
Кәсіпкерлік саласында із қалдырған марқұмның отбасына, жұбайы, облыстық мәслихаттың депутаты Рәшкүл Оспаналиеваға қайғысына ортақтасып, көңіл айтамыз.