Бүгін елордада басталған АЭФ Global Challenges Summit 2018 жұмысы үш күнге, 19 мамырға дейін жалғасады
ҚР президенті Нұрсұлтан Назарбаев криптовалютаны пайдалану мен реттеу үшін бірыңғай ережелер әзірлеуді ұсындын, деп хабарлайды sputniknews.kz.
«Бүгінде көптеген ел криптовалютаны қаржы жүйелерінің қазіргі конфигурациясына бейімдеу мүмкіндіктерін зерделеп жатыр. Десек те әлем елдері бұл мәселеде әртүрлі әрекет етуде. Бұл бытыраңқылықтың соңы тиімсіздікке әкеледі. Сондықтан баршаға ортақ ережелерді әзірлеуге кірісу керек», — деді Елбасы Global Challenges Summit 2018 пленарлы отырысында.
Назарбаев қазір қоғамның бүкіл өмірі цифрланғанын атап өтті.
«Өндірісті бақылайтын және жақсартатын интеллектуалды жүйелер қалыпты құбылысқа айналды. 2030 жылға қарай жасанды интеллект әлемдік экономиканы 16 триллион долларға ұлғайтады. Криптоалюта феномені, блокчейн технологиясы банктерді қоса алғанда, қаржы нарығы үшін түбегейлі өзгеріс әкеледі. Сарапшыларлың пікірінше, алдағы он жылдықта 500 ірі компанияның 200-і түбірімен жойылады», — деді мемлекет басшысы.
Бұған қоса, президент цифрландыру киберқылмыстың артуына да себеп болатынын айтты.