ҚР Денсаулық сақтау министрлігі темекі бұйымдарын тұтынуға бөлінген орындарды жабдықтауға қойылатын қолданыстағы санитариялық-эпидемиологиялық талаптарға өзгерістер енгізу үшін негіз жоқ деп санайды, деп хабарлайды ведомствоның баспасөз қызметі.
Орындарды жабдықтауға қойылатын қолданыстағы санитариялық-эпидемиологиялық талаптарға өзгерістер енгізу үшін негіз жоқ деп санайды
«HoReCa Казахстан» Ұлттық қауымдастығының қолданыстағы «Темекі бұйымдарын тұтыну үшін арнайы бөлінген орындарды жабдықтауға қойылатын санитариялық-эпидемиологиялық талаптар» санитариялық қағидаларына өзгерістер енгізу туралы ұсынысы жеткілікті негізсіз және қолданыстағы заңнамаға қайшы.
«Халық денсаулығы және денсаулық сақтау жүйесі туралы» ҚР Кодексінің 159-бабына сәйкес қоғамдық орындарда, оның ішінде қоғамдық тамақтану орындарында темекі шегуге тыйым салу кеңінен қолданылады. Темекі шегуге тыйым салу Қазақстанның халықаралық міндеттемесі болып табылатын ДДҰ-ның Темекіге қарсы күрес жөніндегі негіздемелік конвенциясында жазылған адамның таза ауамен демалуға маңызды құқығын және денсаулыққа құқығын жүзеге асыру мақсатында енгізілген.
Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы темекі түтіні әсерінің қауіпсіз деңгейі жоқ екенін растады, ал желдету жүйелері және темекі шегуге арнайы бөлінген бөлмелер жұртшылықты және қызметкерлерді қайталама түтіннің өлімге алып келетін әсерінен тиімді қорғауды қамтамасыз етпейді.
Қолданыстағы санитариялық-эпидемиологиялық талаптар темекі шегу үшін жабдықталған орындарда сусындар мен тамақ ішуге тыйым салады. Көбіне қоғамдық тамақтану орындарында темекі шегуге тыйым салуға қатысты мәселелер кальян индустриясының кәсіпкерлері арасында ерекше алаңдаушылық тудырады. Дегенмен қоғамдық тамақтану саласында, оның ішінде кальян шегетін орындарда жұмыс істейтін кәсіпкерлер үшін мұндай сұрақ туындамайды.
Аталған санитариялық қағидалардың талаптарын сақтау бүгінгі күні бірінші кезекте халық арасында инфекциялық емес ауруларды, белсенді және белсенді емес темекі шегудің зиянын азайтуға бағытталған мемлекеттік саясатты іске асыру үшін қажеттілік болып табылатынын ескеру керек.
Бұдан басқа кальяндарды өңдеуге қойылатын талаптарды әзірлеу Денсаулықминінің құзыретіне кірмейді. Халықаралық, оның ішінде қазақстандық практикада кез келген жабдықты пайдалану жөніндегі нұсқаулықты өндірушінің өзі дайындауы тиіс екені көзделген. Тиісінше кальян шегуге арналған құрылғының да қолдану (оның ішінде жуу және дезинфекциялау) жөніндегі нұсқаулығы болуы тиіс. Денсаулықмині өз кезегінде осы нұсқаулықтың сақталуын бақылауды жүзеге асырады.
ҚазТАГ