014

Мемлекет басшысы Жоғары Еуразиялық экономикалық кеңестің отырысына қатысты

Кеңестің отырысына Беларусь Республикасының Президенті А.Лукашенко, Қырғыз Республикасының Президенті С.Жээнбеков, Ресей Федерациясының Президенті В.Путин, Молдова Республикасының Президенті И.Додон, Армения Республикасының Премьер-Министрі Н.Пашинян және Еуразиялық экономикалық комиссия алқасының төрағасы Т.Саркисян да қатысты, деп хабарлайды Ақорданың баспасөз қызметі.

015

Басқосу барысында тараптар экономикалық одақ аясындағы экономикалық өзара ықпалдастықты нығайту мәселелерін талқылады.

Қазақстан Президенті Еуразиялық экономикалық одаққа мүше елдердің одан әрі экономикалық интеграциялану нәтижелері мен перспективаларына ерекше тоқталды.

Мемлекет басшысы интеграциялық үдерістер Еуразиялық экономикалық одаққа мүше елдердің экономикалық даму қарқынына елеулі үлес қосып отырғанын айтты.

– Бұған стратегиялық салалар – ауыл шаруашылығы мен өнеркәсіп саларының оң үрдісі септігін тигізді. Сыртқы саудада да, ішкі саудада да айтарлықтай ілгерілеушілік бар. Былтыр Еуразиялық экономикалық одақтың сыртқы және өзара ішкі сауда-саттық көлемі тиісінше 24,4 және 26,1 пайызға өсті. Оң үрдіс биыл да сақталып отыр, – деді Қазақстан Президенті.

016

Нұрсұлтан Назарбаев экономикалық одақтың халықаралық беделі арта түскенін, сондай-ақ шет елдер осы ұйыммен сауда-экономикалық қатынастарды дамытуға зор қызығушылық танытып отырғанын атап өтті.

Мемлекет басшысы Жоғары Еуразиялық экономикалық кеңестің шағын құрамда өткен отырысының нәтижелеріне ерекше тоқталды. Онда Еуразиялық экономикалық одақтың Жарғылық шартына және ұйымның халықаралық қызметіне өзгерістер енгізу, сондай-ақ экономикалық одақтың одан әрі дамуын қамтамасыз ету мәселелері талқыланды.

011

Қазақстан Президенті заманауи күрделі геоэкономикалық жағдайды ескере отырып, қабылданған шешімдердің орындалуына талдау жасау және Еуразиялық экономикалық одақтың экономикасын ілгерілету жөніндегі шаралар кешенін әзірлеу үшін арнайы үкіметаралық жұмыс тобын құруды ұсынды.

– Ірі инфрақұрылымдық «мегажобаларды» іске асыру мүмкіндігін де қарастыру қажет. Бірлестік қызметі барысында Еуразиялық даму банкі мен Еуразиялық тұрақтандыру және даму қорының рөлін арттырған жөн. Олар ірі инфрақұрылымдық жобаларды іске асыруға белсенді атсалысуы керек, – деді Нұрсұлтан Назарбаев.

Мемлекет басшысы, сондай-ақ, Одақ жұмысында «ЭКСПО-2017» кешенінің базасында құрылып жатқан үш халықаралық орталықтың мүмкіндіктерін пайдалануды ұсынды.

– Еуразиялық экономикалық одаққа мүше елдердің қаржы институттарын «Астана» халықаралық қаржы орталығының мүмкіндіктерін пайдалануға шақырамын. Сонымен қатар, «ЭКСПО» аумағында Одақтың қаржы мәселесіне қатысты іс-шараларды, соның ішінде көмекші және консультативтік-кеңесші органдардың отырыстарын өткізген жөн. Сондай-ақ, күн тәртібіндегі цифрландыру мәселелерін іске асыру үшін келешекте бой көтеретін ІТ-стартаптардың халықаралық технопаркі базасында Еуразиялық экономикалық одақ аясындағы «Цифрлық жобалар мен бастамаларды басқару офисінің» жұмысын ұйымдастыруды ұсынамын, – деді Қазақстан Президенті.

Соңында Нұрсұлтан Назарбаев Жоғары Еуразиялық экономикалық кеңестің отырысы барысында қол жеткізілген уағдаластықтардың іске асырылуы осы ұйымға мүше барлық мемлекеттердің ынтымақтастығын одан да жоғары деңгейге көтеруге мүмкіндік беретініне сенім білдірді.

012

013

Жоғары Еуразиялық экономикалық кеңес отырысының қорытындысы бойынша бірқатар шешімдер мен құжаттар қабылданды.




Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

error: Content is protected !!