Шымкент қаласының әкімі Нұрлан Сауранбаев шымкенттіктерді 7 мамыр – Отан қорғаушылар күнімен және 9 мамыр – Ұлы Жеңіс күнімен құттықтайды, деп хабарлады Шымкент қаласы әкімінің баспасөз қызметі.
Құрметті Ұлы Отан соғысы ардагерлері, тыл еңбеккерлері!
Сіздерді 7 мамыр – Отан қорғаушылар күнімен және 9 мамыр – Ұлы Жеңіс күнімен шын жүректен құттықтаймын!
Отан қорғаушылар күні – қайсар мінезді ата-бабамыздың жауынгерлік дәстүрі жалғасын тапқан күн. Тәуелсіздік алғалы бергі уақытта Қазақстанның Қарулы күштері құрылып, бүгінде еліміздің абыройы мен қалқанына айналды. Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаевтың бастамасымен әскери қауіпсіздігіміз «Қазақстан – 2050» стратегиясының басты бағдарларының бірі саналады. Біздің әскеріміз ұлан-ғайыр даламыздың әр адым жерін қапысыз қорғауға қабілетті. Ер-азамат үшін туған жердің тұтастығын, туған елдің тыныштығын күзетуден асқан абырой болмаса керек!
9 мамыр – Ұлы Жеңіс күні баршамыз үшін ұлы мейрам болып табылатыны сөзсіз. Бұл мереке – соңғы демі қалғанша күрескен жанқиярлық ерліктің, халқымыздың даңқының жарқын көрінісі. Бүгінгі Тәуелсіздік тұғырының берік, еліміздің өркендеуі мен бірліктің бұзылмас қамалы осынау ардагерлердің ерлігі.
Бұл соғыста біздің азаматтарымыз қанына сіңген қастерлі борышты адал атқарып, ерлік пен қаһармандықтың ең жоғарғы үлгісін көрсетті.
Сұрапыл соғыс жылдары біздің қаламыздан майданға 23 мыңнан астам азамат аттанды. Олар жауды жеңіп қана қоймай, оралған соң ел шаруашылығын қалпына келтіруге үлесін қосты.
Қазіргі таңда Шымкент қаласында сол қаһарлы жылдарда майдан даласынан аман қайтқан сарбаздар сапындағы Ұлы Отан соғысы ардагерлері атанған 74 қария ортамызда жүр. Бұған қоса 4 мыңнан аса тыл ардагері, 1906 Ұлы Отан соғысына қатысушыларға және соғыс мүгедектеріне теңестірілгендер тұрады.
Мемлекет басшысы атап өткендей, біздің ардагерлерге деген құрметіміз олардың ұлы ерлігінен кем түспеуі тиіс. Біздің парызымыз – алапат соғыстағы жеңістің бізге қалай келгенін ұғыну, қаза тапқандарды қадір тұтып, арамызда жүрген ардагерлерге ұдайы қамқорлық көрсету. Бүгінгі буын Жеңіс сарбаздары алдында мәңгілік қарыздар.
Ардақты ардагерлер!
Жыл сайын қаламыздағы 140 мың азаматтың есімі жазылған «Даңқ» мемориалындағы мәңгілік алау жанына Отан қорғаушыларды, батырларды еске алып, гүл шоқтарымен алғысын айта келгендер жиналады. Бүгінгі бейбіт ғұмырымыз бен бақытты болашағымыз үшін қадірлі ардагерлерге алғысымды білдіремін!
Баршаңыздың дендеріңізге саулық, шаңырақтарыңызға шаттық, бақ пен береке тілеймін!
Нұрлан САУРАНБАЕВ,
Шымкент қаласының әкімі