Үкімет отырысында Ауыл шаруашылығы вице-министрі Арман Евниев мал шаруашылығын дамытудың нақты тапсырмалары мен орындалу мерзімі айқындалған Жол картасы әзірленгенін мәлімдеді, деп хабарлайды Baq.kz.
Бағдарламаның тиімді іске асуына келесідей алғышарттарды орындау көзделген.
«Басым тәртіпті фермерлер үшін ауыл шаруашылығы мақсатындағы 76 мың га жер учаскелерін беру, бұл бағытта жер инспекциялары мен әкімдіктер бірлесе жұмыс істейді; фермерлерді жеңілдетілген несиелендіру, бұл орайда кредиттің және лизингтің үстеме пайызын субсидиялау ережесіне өзгерістер енгізілмек. Кредит беру рәсімі оңтайландырылады; бірыңғай салық режимін енгізу бойынша арнайы жұмыс тобы құрылып, заңға тиісті өзгерістер енгізуге дайындық жұмыстары басталады; мал басын арттыру бойынша тауарлы мал басын шетелден әкелу жұмыстары қолға алынады; «Нұрлы жер» және «Нұрлы жол» бағдарламаларының көрсеткіштерімен бірдейлендіру және инфрақұрылымды қамтамасыз ету; техника және құрал-жабдық өндірісін жолға қою; фермерлерді оқыту орталықтарын жабдықтау: ветеринарияық тәуекелдерді сақтандыру секілді жұмыстар атқарылады», — деді ол.
Оның айтуынша, министрлік тарапынан етті мал шаруашылығын дамытудың нақты тапсырмалары мен орындалу мерзімі айқындалған Жол картасы әзірленді. Ол жер және су ресурстарын дамытуға арналған қаржыландыру және мемлекеттік қолдау, экспортты дамыту, ветеринариялық қауіпсіздікті сақтау, адам ресурстарын және ғылымды дамыту, салықтық режимді қайта қарау, ауыл шаруашылығы техникасы өндірісін дамыту және цифрлы ауыл шаруашылығын дамытуды қамтиды. Алдын ала Жол картасының жобасы Қаржы министрлігі, ҰЭМ мен Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігімен, кәсіпкерлер палатасымен келісілді.