Шетел валютасымен ипотекалық несие алған азаматтар өздерінің берешектерін теңгеге ауыстыру үшін осы жылдың 15 желтоқсанынан кешіктірмей өтініш беруі тиіс, деп хабарлады 24.kz.
Бұл туралы Алматыда Ұлттық Банктің Қаржылық қызметтерді тұтынушылардың құқықтарын қорғау және сыртқы коммуникациялар басқармасының басшысы Александр Терентьев хабарлады. Қайта қаржыландыру бағдарламасы 2018 жылдың 30 желтоқсанына дейін жүзеге асады. Ұлттық Банк бұл мақсатқа 137 миллиард теңгеден астам қаржы бөліп отыр. Бағдарлама борышкерлердің қарызын толық кешіруді көздемейді, тек қызмет көрсету талаптарын жеңілдетеді.
Александр Терентьев, ҚР ҰБ Қаржылық қызметтерді тұтынушылардың құқықтарын қорғау және сыртқы коммуникациялар басқармасының бастығы: — Жеке тұлғалардың 2016 жылғы 1 қаңтарға дейін алған валюталық ипотекалық қарыздары Ұлттық Банктің 2015 жылғы 18 тамыздағы бағамы бойынша теңгемен қайта қаржыландырылады. Бағдарламаға енгізілген толықтырулар 21 мыңнан астам борышкердің қарыздарын өтеуге оңтайлы жағдай жасайды.
Сондай-ақ Ұлттық Банк өкілі банктерге қарыз алушылардың борыштары бойынша олардың меншігіне өткен тұрғын үйді жалға беру құқығын беру жөніндегі маңызды заңнамалық бастама жасағанын айтты. Бұл бастама қарыз алушыларға ұзақ уақыт тұруға және оған бұрын тиесілі болған тұрғын үйді жалдау төлемдерін төлеген соң меншігіне қайтаруға мүмкіндік береді.