«Ақсу-Жабағылы алауы, Шұбайқызыл жалауы». Түлкібас ауданында республикалық Қызғалдақ фестивалі өтті.
Елбасы мақаласындағы «Туған жер» бағдарламасы аясында қолға алынған шара, барша адамзат баласын табиғатты аялауға шақырды. Шұбайқызыл шоқысына жиылған халық табиғи парктер шеруі мен суретшілер көрмесін тамашалауға да мүмкіндік алды.
Сондай-ақ, аталған төбеге бұл күні «Қызғалдақ» белгісі орнатылды.
Жалпы еліміздің жазық және далалық аймақтарында қызғалдақ гүлінің 30-дан аса түрі кездеседі.
Олардың өте сирек, әрі жойылып кету алдында тұрған 13-ке тарта түрі қорғауға алынып, Қазақстанның «қызыл кітабына» енген.
Мезгілдің көктемі жеткенде небәрі 10-15 күн ғана гүлдейтін қызғалдақтар, жылда «Шұбайқызыл» шоқысын қызыл кілемге орағандай кейіпке енеді.
Негізінен аталған төбеде грейг тұқымдасы ең көп тараған. Әрине, қызғалдақтың бұл түрі де аса қорғауды талап етеді. Себебі, соңғы жылдары гүлді дала ауыл аймақтың жайылым жеріне айналып, өсімдіктердің қатары кеми түскен. Дегенмен, жергілікті билік пен табиғат жанашырларының демеуімен дер кезінде қызғалдақты қорғап қалу шаралары қолға алынды. Фестивальдің ашылу салтанатына келген облыс әкімі Жансейіт Түймебаевта Ақсу-Жабағылы мен Шұбайқызыл төбесі қызғалдақ гүлінің әсем мекені екенін атап өтті.
Республикалық фестивальге облыс мәслихатының депутаттары, зиялы қауым өкілдері, туризм саласының өкілдері мен шетелдік қонақтар, қылқалам шеберлері, суретшілер және жастар, жергілікті тұрғындар да белсене атсалысты.
Жалпы іс-шараға бес мыңға жуық адам қамтылды. Олардың қатарында жасы жетпісті алқымдаған ақ жаулықты аналар да бар. Табиғатты аялау, туған жерді қадірлеу барша адамзаттың міндеті деп білетін әжей жастарды тазалыққа үндеді. Шарада «Шұрайлым-Шұбайқызылым» атты жас қаламгерлер байқауының жеңімпаздары анықталып, өңір басшысы үздіктерді арнайы марпаттады.
Сондай-ақ, келуші көрермендер үшін сахналық қойылымдар мен концерттік бағдарламалар ұйымдастырылып, қылқалам шеберлері қызыл кілемге оранған әсем табиғаттың бейнесін аша түсті.
Айта кетейік, негізі тарихта бұл жер «Красная горка» деп аталған. Кейінірек халық аймақты «Қызыл төбешік» десе, бүгінде қызғалдақтардың мекені «Шұбайқызыл шоқысы» деген атауға қайта ие болды. Фестиваль аясында, әсемдік символы ретінде аталған төбеге «Қызғалдақ» белгісі орнатылды.
Негізінен Оңтүстік жерінде қызғалдақ гүлі Түлкібастан бөлек, Қазығұрт, Төлеби, Бәйдібек өңірлеріндегі таулы аймақтарда кездеседі. Соңғы кездері, тамаша табиғаттың көрінісіне тамсанып кететін шетелдік қонақтардың да қатары арта түскен. Мәселен, өткен жылдың өзінде өңірімізге 270-мыңнан аса турист келіпті. Олар түстік өңірдің табиғатынан бөлек, тарихи, мәдени мекендеріне қызығушылық танытқан. Яғни, табиғатты аялау мен туған жерді қастерлеуге шақыратын шаралардың жемісі , өңірдегі туризм саласын дамытуға да серпін беріп отыр.
Жомарт БЕГІМБЕТ.