Өткен жылдың шомылу маусымында өңірде 34 адам қаза тапқан. Өкініштісі, олардың 18-і кәмелет жасқа толмағандар. Мамандардың мәліметінше, қайғылы оқиғалар құтқарушылармен бақыланбайтын аймақтарда орын алыпты. Тілсіз жауға тұншығып, қыршын кеткен марқұмдардың басым бөлігі, ата-ананың қарауынсыз қалғандар, дейді ТЖД -нің қызметкерлері.
Түстік өңірде жалпы шомылу кезеңі көктемнің сәуір айынан басталып, күздің қыркүйегіне дейін жалғасады. Күннің шырайы кіргенде адамдардың демалыс аймақтары мен шомылуға асығатыны жасырын емес. Дегенмен, дәл осы кезеңде қайғылы оқиғалардың қатары да еселене түседі. Департаменттің шұғыл деректері бойынша биылдың өзінде , облыстың су қауыздарында 7 оқиға тіркеліпті. Оның ішінде кәмелет жасқа толмаған, өрімдей 5 жеткіншек қаза тапқан.
Балалар әрдайым ата-анасының қырағы бақлауымен суда жүзуге тиіс. Қайғылы оқиғалар тіпті көлдің,каналдың немесе бассейндердің саяз жерлерінде де орын алуы мүмкін. Осылай деп дабыл қаққан департамент қызметкерлері, әр жылдың шомылу маусымында үгіт –насихат жұмыстарын да арттырады.
Оңтүстікте негізінен шомылуға рұқсат етілген 1088 аймақ бар. Алайда, адамдардың өлім жағдайлары құтқарушылармен бақыланбайтын аймақтарда көптеп болады. Себебі демалушылардың көпшілігі суда жүзуге тиым салынған аймақтарға барып, арнай ережені сақтай бермейді. Ал,төтенше жағдайдың құтқару жасағы орналасқан Шардара,Тоғыс тағы басқа мекендерде маусым бойынша ешбір қайғылы оқиға тіркелмепті.
Жомарт БЕГІМБЕТ.